Қызылордада «Жасыл аймақ» акциясына ардагерлер де атсалысты

Қызылорда
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қоршаған ортаны таза әрі ұқыпты ұстау – әрбір азаматтың басты парызының бірі. Себебі табиғат – баршамызға ортақ құнды байлық.

Қазақта ежелден табиғатты аялауға, жақсы көруге үлкен мән беріледі. Сол үшін де атадан балаға жалғасқан игі іс халық арасында өз құндылығын жоғалтқан емес. Сондықтан да, дәстүрін діңгек еткен дана халқымыз көктем шығысымен аумақты көкжелекке айналдыруға атсалысып, тал отырғызуда белсенділік танытады. 

Қызылорда облысы әкімдігі
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Бүгінде елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының үшінші аптасы «Жасыл аймақ» тақырыбында жалғасып жатыр. Осы ретте, сырбойылық бір топ ардагер және зиялы қауым өкілдері қаладағы Қорқыт ата ескерткіші маңында Сыр талын отырғызып, аталған акцияға өз үлесін қосты. Бұдан бөлек, ардагерлер ескерткіш аумағында әдемі гүлдер екті.

Қызылорда облысы әкімдігі
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, іс-шара барысында облыстық ардагерлер кеңесі төреағасының орынбасары Өмірбек Шәменов акцияға қатысты өз пікірін білдіріп, жас ұрпаққа табиғаттың жанашыры болуға және айналаны барынша таза ұстауға шақырды. Осы арқылы аймағымыздың экологиялық ахуалын жақсартып, жан-жағымызды жасыл-желекке айналдыруға үлкен мүмкіндік болары сөзсіз екенін тілге тиек етті. 

Айта кетейік, «Жасыл аймақ» апталығы Қызылорда қаласы және барлық аудан орталықтарында ерекше іс-шаралармен жалғасып жатыр.

Қызылорда облысы әкімдігі
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі
Соңғы жаңалықтар