Қызылордада жол-көлік оқиғасынан көлік ішінде қысылып қалған адам құтқарылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда қаласында жол-көлік оқиғасынан автокөлік ішінде қысылып қалған 40 жастағы азамат құтқарылып, жедел жәрдем мамандарына тапсырылды.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға 3 наурызда сағат 11.30 шамасында Тәуелсіздік даңғылы бойында болған. Сол аумақта «Volkswagen Passat» және «Chevrolet Cobalt» маркалы автокөліктер соқтығысып қалған.
Жол-көлік оқиғасы бойынша тиісті құжаттар жинақталып, сараптамалар тағайындалуда.
«Төтенше жағдайлар қызметіне жол-көлік оқиғасынан 1 адам қысылып қалғаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар 1984 жылы туған азаматты «Volkswagen Passat» автокөлігінен авариялық-құтқару құралдарын пайдаланып, шығарып алғаннан кейін жедел жәрдем қызметіне тапсырды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада талға соғылған жеңіл көлік толығымен жанып кетті.