Қызылордадағы өрт шыққан мұнай өңдеу зауыты аумағында ауа сапасы тексерілді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облыстық экология департаментінің мамандары 7 қыркүйек күнгі өрттен кейін Қызылорда қаласындағы шағын тоннажды мұнай өңдеу зауытының аумағында бақылау жұмысын жүргізді.

Қызылордадағы өрт шыққан мұнай өңдеу зауыты аумағында ауа сапасы тексерілді
Фото: Қызылорда облыстық экология департаменті

«Kyzylorda refinery» аумағында жалпы көлемі 120 тонна мұнай сақталған екі резервуар жанған.

— Зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің мамандары кәсіпорынның санитариялық қорғау аймағында атмосфералық ауадан сынамалар алды. Желдің болмауына байланысты түтін шлейфі негізінен тік бағытта таралып, бұл ластаушы заттардың атмосфераның жоғарғы қабаттарында сейілуіне ықпал етті. Жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша атмосфералық ауаның белгіленген сапа нормативтерінен асып кету фактілері анықталған жоқ, — делінген хабарламада.

Еске салайық, өрт сөндірушілердің жедел әрі үйлесімді іс-қимылының арқасында жалынның таралуына жол берілмей, жанындағы үш резервуар сақталып қалды.