Ахмет Ислам самбодан әлем чемпионы атанды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – 1-4 қазан аралығында Грецияның Салоники қаласында самбодан Әлем чемпионаты өтті. Оған 40-тан астам елден 700-ге жуық жас спортшы қатысты.

в
Фото: Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, дүбірлі додада қызылордалық Ахмет Ислам қарсылас шыдатпай, 49 килограмм салмақ дәрежесінде 1-орынды жеңіп алды. 

Спортшыны чемпионатқа Абай Әбішев дайындады. 

- Ахметтің үлкен жарыс жолына дейінгі жетістіктері бір төбе. Ол – самбо күресінен Қазақстан Республикасының екі дүркін, қазақ күресінен бір дүркін жеңімпазы. Самбодан Азия және әлем чемпионатында, қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында топ жарды.

Сондай-ақ самбо күресінен кадеттер арасындағы әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ баласы, - деді бапкері. 

Айта кетейік, белдесулерде ұлдар мен қыздар спорттық самбодан, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы жауынгерлік самбодан (Combat SAMBO) бақ сынасты. Барлығы 55 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

Бұған дейін 21-27 қыркүйек аралығында Румынияның Бухарест қаласында өткен тоғызқұмалақтан кезекті VIII әлем чемпионатында жерлесіміз Ермұхамед Әләйдар әлем чемпионы атанды.