Астанаға жұмыс істеуге кеткен қызылордалық қыз жұмбақ жағдайда көз жұмды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласынан Астанаға жұмыс істеуге барған бойжеткен жұмбақ жағдайда қайтыс болды.
Марқұмның құрбысы Threads әлеуметтік желісінде Назым 26 тамыз күні өз-өзіне қол жұмсағаны туралы суыт хабар жеткенін жазды.
- Назым Астанада Аяулым есімді қызылордалық танысымен араласып тұрған. Жақын ешкімі болмағандықтан көп уақытын сол қызбен бірге өткізеді. Назым қайтыс болған түні Аяулыммен бірге болған. Назымның құрбылары жүктеген бейнежазбада ол үйдің емес, подъездің терезесінен секіргені және үйден жалаңаяқ қашып шыққаны көрінеді, - делінген бейнежазбада.
Жазба авторы Аяулымның құрбысы көз жұмғаннан кейін арада бір сағат өткен соң ғана жедел жәрдем шақыруы күмән тудыратынын айтып отыр. Марқұмның суицид жасағанына туыстары да, достары да сенбейтінін атап өтті.
Kazinform тілшісінің ресми сауалына байланысты Астана қалалық полиция департаменті түсіндірме берді.
- Аталған фактіге сәйкес департаменттің Есіл аудандық полиция басқармасы өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу (Қылмыстық кодекстің 105-бабы) дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі таңда қылмыстық іс шеңберінде оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тиісті тергеу әрекеттері және сот сараптамалары жүргізіліп жатыр. Соның қорытындысымен құқықбұзушылықтың себептері анықталады, - делінген департамент хабарламасында.
Полиция әзірге күдікті анықталмағанын алға тартты.
- Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді. Осыған байланысты жүргізіліп жатқан тергеу әрекеттері мен оның нәтижесі туралы өзге ақпарат айтылмайды, - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысының Меркі ауданында 19 жастағы Мәдина Рашидқызы отбасылық жанжалдан кейін көз жұмды.