Қызылордалық диқандар агродрондар көмегімен күріш егеді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында күріш егу науқаны басталды. Диқандар биыл 30-дан астам күріш сортын байқап көрмек.

агродрон
Фото: Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне сүйенсек, жұмыс барысында тың технологиялар, оның ішінде агродрондар қолданылады. Бұл пестицидтер, тыңайтқыштар мен гербицидтер шығынын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

агродрон
Фото: Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы

Сондай-ақ күрішті көшеттеп егу тәсілі де тиімділігін көрсетіп отыр. Бұл әдісті Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты 2021 жылы суды үнемдеу мақсатында алғаш рет қолданысқа енгізген болатын. Сол жылы жапон технологиясы негізінде 155 гектар жерге күріш көшеттеп егілді. Диқандар осылайша су шығынын 20%-ға, дән себу нормасын 80%-ға үнемдемек. Биыл Қытай, Түркия және Еуропа елдерінен әкелінген тұқым түрлері себіліп, жерсіндіріледі. 

күріш егу
Фото: Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы

— Биыл облыста су үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы егіс көлемін 9200 гектарға жеткізу, өткен жылмен салыстырғанда 2 есе арттыру межеленген. Бұл бағытта мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Жабдықтарды сатып алуға және құруға кеткен шығындардың 80%-на дейін мемлекет тарапынан субсидияланады. Соңғы жылдары 55 мың гектар күріш алқабы лазерлік әдіспен тегістелді. Биыл бұл көлем 60 мың гектарға дейін жеткізіледі, — деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

Айта кетейік, биыл Қызылорда облысында 193,7 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланса, соның 85,6 мың гектары — күріш.

Соңғы жаңалықтар