Қызылордалық диқандар суды тиімді пайдаланып жүр ме

Кейінгі жылдарда вегетациялық кезеңде Сырдария өзенінің жоғары бөлігіндегі қоймаларда жинақталатын су көлемінің төмендігі байқалып келеді. Негізінен мол суды қажет ететін күріш дақылын өсіретін аймақ үшін дария суының деңгейі ділгір мәселеге айналды. Бұл бағытта облыста қандай іс-шаралар атқарылып жатыр? ҚазАқпарат тілшісі мәселеге үңіліп, мамандар пікіріне назар аударып көрді.

астық
Фото: Бағдат Есжанов

Ортақ өзеннің игілігін кім көреді?

Әлемнің 120-ға жуық мемлекетінде 160 млн гектардан астам күріш егіледі. Күніне 3 миллиардтан астам адам тамақ ретінде тұтынады. Ал адам сол дақылдан өзіне қажетті азықтық калорияның 30%-ын алады екен. Биыл Қызылорда облысында 89 мың гектарға жуық күріш егілді.

Сыр өңірінде күріш дақылын өсіру арқылы өзекті 3 мәселе шешімін тауып отыр. Алғашқысы, бұл өніммен еліміздің сұранысын қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар. Екіншіден, жергілікті тұрғындар ұзақ жылдардан күріш шаруашылығымен айналысып келеді. Үшіншіден, инженерлік жүйеге келтірілген егін алқаптарының мелиоративтік жағдайын талаптарға сәйкес ұстап тұру үшін күріш егілуі тиіс.

Мамандардың айтуынша, су тапшылығы 2020 жылдан бастап вегетациялық кезеңде жиі көрініс беріп отыр. Дарияның жоғары бөлігінде орналасқан су қоймаларында жинақталған су көлемі төмендеген. Оның жыл сайын күрделенуі халыққа арналар арқылы су жеткізуді қиындатып жіберді. Жылма-жыл облыстағы егін алқаптарына 3 текше метр көлемінде су қажет екені есептелген.

Арал өңірі экологиясы жайында келелі ой қозғап жүрген жазушы-эколог Сайлаубай Жұбатырұлы дариядағы биылғы ахуалға алаңдап, оны шешу жолдары ой-пікірін білдіріп келеді.

«Трансшекаралық сулар қатарына жататын дария бүгінде ең қиын халде тұр. Оған табиғаттың құрғақшылығы елеулі қиындығын алып келді. Десе де, жоғарғы жақта салынған су қоймалары да кері әсерін тигізіп отыр. Оған қоса аталған аумақта суды көп тұтынатын егіс көлемі артып кеткен. Бұл жағдайлар төрт мемлекетке ортақ өзеннің суын әділетті түрде бөлу және заңдастыру қажет екеніне көзімізді жеткізді. Кешегі КСРО тәжірибесінен қалған Сырдария суын бөлісу дәстүрі бар еді. Ол қазіргі күні сақталмайтын болды. Проблемалар содан туындап отыр», - деді ол.

Әртараптандыру аясы кеңейіп келеді

Облыс бойынша биыл су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы барлығы 872,5 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде 577,5 гектар тамшылатып суару, 295 гектар жаңбырлатып суару әдістерін қолдану арқылы жүзеге асырылды.

Кейінгі жылдары өңірде қант құмайы және соя секілді жаңа дақылдарды тәжірибеден өткізуге көңіл бөлінді. Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары сынақ жасап көрді. Алғашқы нәтиже жаман емес.

Қант құмайы дақылының біздің өңірге өте қолайлы екені анықталды. Топырақтағы тұзды өзіне сіңіреді, тамыры жерде қара шірік болып қалады, азоттандырады. Келесі жылы ол өскен кезде балауса күйінде орып, жермен қоса жыртып тастаған жағдайда биоорганика болады. Қант құмайы – жүгері секілді дақыл. Әлемде одан 50-ге жуық өнім алуға болатыны дәлелденген. Биоэтанол, спирт, қант шырынын алуға және одан қалған қалдықтан мал азығы болатын өнім өндіруге мүмкіндік бар. Балауса күйінде жем-шөп есебінде пайдалана аласыз.

Әлемде соя дақылына сұраныс өте жоғары. Қазақстанмен шекаралас Қытай бұл дақылды көп тұтынатын мем­лекеттер қатарында тұр. Оны сонау Аргентинадан ұшақ арқылы алдырады. Осыған байланысты Алматы облысында тиісті жұмыстар қолға алынған. Бұрын мұнда соя өсімдігі 50 мың гектардан аспаса, қазір 3-4 есеге дейін өскен. Әрине, өнімді экспортқа шығарудың өз талабы бар.

бақша
Фото: Бағдат Есжанов

Жеміс-жидек неге аз?

Қазір базарға барсаңыз, көкөніс-бақша өнімдері сыңсып тұр. Бірақ, сол өнімдерді өсіруде өңірдің бәсекелік қабілеті өте төмен. Сырттан тасимыз. Елімізде алма және өзге де жеміс түрлері Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында өседі. Қызылорда облысында оңтүстік Жаңақорған, Шиелі аудандарының мүмкіндігін неге пайдалана алмаймыз?

бақша
Фото: Бағдат Есжанов

Кезінде сол екі ауданда алма мен жүзім өсірген арнайы шаруашылықтар болды. Жаңақорғанның «Юбилейный», Шиелінің «Алмалы» ауылдарында жайқала өскен жеміс алқабына көңіл сүйсінетін. Қазір бәрі құрдымға кетті. Жаңақорған ауданында жеміс-жидек өсіріп өзгелерге үлгі көрсетіп жүрген «7 KZ Сыр табиғаты» ЖШС басшысы Амантай Сарбасов аудан орталығынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының бойына шығатын тұста жайқалған жеміс ағаштары бар бақ өсіріп отыр.

«Рас, кейінгі жылдарда өңірде жеміс-жидек өсіруге көңіл бөліне бастады. Бұл – қуантарлық жағдай. Десе де, оны қиын шаруа ретінде көретін жерлестеріміз аз емес. Әрбір істің ауыртпалығы болатыны белгілі ғой. Көпшілік арасында жеміс-жидек біздің жерімізге өсе бермейді деген қасаң пікір қалыптасқан. Барлық өнімді сырттан тасымалдауға мәжбүрміз. Ал өзімізде қаншама жер кәдеге аспай жатыр. Мен мына талдарды суару мақсатында арнайы скважина қаздырдым. Сондықтан, су мәселесінде қиындық жоқ», - дейді бағбан.

«Алтын қордың» сақталуы қалай?

Жергілікті халық инженерлік жүйеге келтірілген егін алқаптарының мелиоративтік жағдайын талаптарға сәйкес ұстап тұруға маңыз береді. Бұл мақсатта тұрақты түрде күріш егілуі тиіс. Әдетте, жұртшылық мұндай алқаптарды «аймақтың алтын қоры» деп бағалайды. Кезінде аймақтың табиғи-климаттық жағдайы ескерілді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында инженерлік жүйеге келтірілген егін алқаптары қазірге дейін табыс, еңбек көзі болып тұр. Сондай-ақ, күріштен өзге дәндік және малазықтық дақылдардан өнім алынып келеді.

«Қазір ғалымдар тарапынан ирригациялық жүйелерде қалыптасқан техникалық-мелиоративтік жағдайларды жақсарту үшін бірқатар бастама жасалып отыр. Атап айтсақ, «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының екінші кезеңінің іс-шаралары» (ИДЖЖ-2 – ПУИД-2) жобасы бойынша Жалағаш ауданындағы Аққұм, Бұқарбай батыр, Таң және Мәдениет ауылдық округтеріндегі 15 мыңнан астам гектар суармалы жерді қалпына келтіру қолға алынып жатыр. Жоба толық жүзеге асқанда инженерлік жүйедегі жерлердің 80%-ы қалпына келтіріледі. Жалпы, ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасын іске асыру «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және Даму банкі арасындағы қарыз беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң аясында 2014 жылы басталған еді. Бұл бойынша еліміздің оңтүстігіндегі Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында тиісті жұмыстар жасалуда», - деді Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты «Білім» тарату орталығының жетекшісі, техника ғылымдарының кандидатыЖанұзақ Байманов.

Сыр өңірінде суды үнемдеу бағытында тың технологиялар жүзеге асып келеді. Бұл өз тиімділігін көрсетіп отыр. Десе де, басты дақыл – күріш өндірісінде қажетті мөлшерде судың қажеттілігі өзектілігін жоймайды. Бұл бағытта Үкімет және жергілікті басшылық тарапынан тиісті іс-шаралар қолға алынып отыр. Ол жергілікті диқандардың суды тиімді пайдалануына өз әсерін тигізеді.