Қызылордалық оқушы инсульт алған пациенттерді оңалтуға арналған кешен құрастырды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Ерасыл Айдарбек NauanX командасының құрамында Стамбұл қаласында өткен Empower Me халықаралық байқауында ІІ орын иеленді.

п
Фото: Ерасыл Айдарбектің жеке архивінен

Ол мектеп түлектері Жұлдызай Мұңайтбасова, Арайлым Әшірмет және Раушан Тұрғанбаймен бірге инсульт алған пациенттерді оңалтуға арналған кешенді таныстырды. 

Жоба авторына бұл идея жақын танысы инсульт алған кезде келген. 

- Бақытымызға орай ол аман қалды. Бірақ оңалту кезеңі ауыр өтті. Жаттығулар өте бір сарынды болды. Дәрігерлер науқасқа АҚШ-тан роботтандырылған оңалту тренажерін сатып алуды ұсынған. Өзі қарапайым механикалық қолғап болса да құны 1700 доллар екен. Тым қымбат екені түсінікті. Сол кезде мұның тиімді шешімі болуы керек қой деген ой келді. Бірнеше айдың ішінде біз кешеннің алғашқы жұмыс істейтін прототипін әзірледік, - деді Ерасыл Айдарбек.

ы
Фото: Ерасыл Айдарбектің жеке архивінен

Кешен бейнеойындармен біріктірілген үш арнайы құрылғыдан тұрады және әрқайсысына тән міндеттер бар. Remotion ұсақ моторика мен қол қимылдарының дәлдігін дамытса, R-Expander арқылы пациент ойын нысандарына ату үшін тұтқаны қысып, білектің көлбеуін басқара отырып, білек бұлшықетін жаттықтырады. Resound музыкалық тренажер ретінде жұмыс істейді. Бас бармақтан басқа саусақтар белгілі бір нотаға жауап береді. Пациент қарапайым ноталық партитураны оқып, әуендерді ойнай отырып, саусақтардың оқшауланған қимылын, үйлесімділік пен когнитивтік функцияларды дамытады.

- Әлемдік статистика бойынша 94 миллионнан астам адам инсульттің зардабын тартып отыр. Оңалту кезеңінде пациенттердің көбі күнделікті қайталанатын, бірізді физикалық жүктемелерге байланысты немқұрайлылық пен депрессияға тап болады. Біз осы ауыр кезеңді ойын процесіне айналдырып, қамкөңіл жандардың көңілін аулауды ұйғардық. Пациенттер тобын 8 апта бойы сынақтан өткіздік. Электромиография (EMG/RMS) деректері бұлшықет белсенділігінің артқанын көрсетті. Пациенттер ойын форматындағы жаттығуға құлшыныспен қатысып, көңіл-күйі көтерілгенін атап өтті, - деді өнертапқыш оқушы. 

Ерасыл Айдарбек $5000 көлеміндегі байқау жүлдесін қайда жұмсайтынын да жоспарлап қойған.

- Грант есебінен құрылғының алғашқы нұсқасын медицина мамандарының кеңесі мен бақылауы аясында дамытып, нақты емдеу талаптарына лайықтағымыз келеді. Патент пен авторлық құқықты рәсімдеп қойдық. Қымбат медициналық лицензиялау рәсімінен өту үшін қажет құжаттарды дайындауға кірістік. Біздің басты мақсатымыз – баршаға қолжетімді толыққанды коммерциялық өнім шығару. Бұл елімізде ғана емес, шет елдегі оңалту орталықтары, мемлекеттік және жекеменшік клиникалардың стандартты жабдықтарының бір бөлігіне айналып, мыңдаған адамның толыққанды өмірге қайта оралуына көмектессе мақсатымыздың орындалғаны, - деді жоба авторы. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, қазақстандық жас өнертапқыш Дана Қадырбек Біріккен Ұлттар Ұйымының Венадағы штаб-пәтерінде өткен жасыл технологиялар көрмесінде Қазақстан атынан қатысып, жүлдегер атанды.