Қызылордалық оқушылар көзі көрмейтін жандарға арнап комикс құрастырды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Торғын Ерланқызы мен Лағыл Амангелді Қызылордадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 сыныбында оқиды. Олар бұл идеясын география пәнінің мұғалімі Арай Нұрбаеваның жетекшілігімен жүзеге асырған.

Қызылордалық оқушылар көзі көрмейтін жандарға арнап комикс құрастырды
Фото: Назерке Саниязова /Kazinform

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған брайль қарпінде жазылған кітаптар бар.

Оқушылар Kazinform тілшісіне бірақ комиксті тактильді форматқа бейімдеу әлі кең тарала қоймағанын жеткізді. 

— Біз шетелдік инклюзивті басылымдардың тәжірибесін қарастырдық. сондай-ақ брайль жүйесінің халықаралық стандарттарына сүйендік. Жоба барысында жергілікті арнайы мектептердің мұғалімдерінен кеңес алдық. Оқушылар ғылыми аппарат жағынан брайльдің құрылымы, қаріп өлшемі, тактильді рельеф жасау тәсілдері бойынша сарапшылардың әдістемелік материалдарын қолданды, — деді Арай Нұрбаева.

Қызылордалық оқушылар көзі көрмейтін жандарға арнап комикс құрастырды
Фото: Назерке Саниязова /Kazinform

Идея көру қабілеті бұзылған балалар үшін қолжетімді контенттің аздығына байланысты туындаған. 

— Осы мәселені шешу үшін брайль қарпін зерттеп, комикс форматын тактильді түрде бейімдеу жолын іздедік. Жобаны жүзеге асыру барысында мәтінді ықшамдауды, сценарий құруды, брайль таңбасын қолдануды және арнайы принтер арқылы басып шығаруды үйрендік, — деді Торғын Ерланқызы.

Зейінді балалар комикстің артықшылығын айтып берді.

Қызылордалық оқушылар көзі көрмейтін жандарға арнап комикс құрастырды
Фото: Назерке Саниязова /Kazinform

— Классикалық брайль кітаптарында көбіне тек мәтін беріледі. Ал комикс — оқиғаны визуалды-көркем құрылым арқылы меңгеруге мүмкіндік беретін жанр. Біз осы құрылымды тактильді элементтермен алмастырып, көру қабілеті шектеулі оқырманға жаңа құрал ұсынуды мақсат еттік. Комикс мәтіннің қысқа болуымен, кадрлардың логикалық реттілігімен, тактильді бейнелер жасаумен және оларды брайль мәтініне ыңғайлаумен ерекшеленеді. Жоба балаларға да, жасөспірімдерге де арналған. Өйткені комикс танымдық материалды жеңіл қабылдауға көмектеседі. Мазмұнында шағын оқиға, кейіпкерлердің диалогы және тәрбиелік идея қамтылған, — деді жоба авторларының бірі Лағыл Амангелді. 

Оқушылар бұл бастаманы басқа да жаратылыстану пәндеріне бейімдеп, комикс үлгісіндегі оқу құралдарын әзірлеуді жоспарлап отыр.

— «InComics» деп аталатын мобильді қосымшамыздың арқасында комикс кітабымызды барша оқушы, оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін қолжетімді ете аламыз. Бұл көзі көрмейтін және нашар көретін балалардың оқу процесін жеңілдетуге, комикс түріндегі визуалды әңгімелер арқылы оқуға қызығушылығын арттыруға, оған қоса оқу барысын бақылап, оқушының жетістіктерін көруге мүмкіндік береді, — деді Арай Нұрбаева.

Қызылордалық оқушылар көзі көрмейтін жандарға арнап комикс құрастырды
Фото: Назерке Саниязова /Kazinform

Бұл жоба жуырда республикалық ғылыми жобалар конкурсының ІІ кезеңінде жүлделі 1-орынды иеленіп, үздік жоба ретінде танылды.

Жақында ғана біз Қызылордада ауыл баласы ұялы телефонға арналған қауіпсіз жүйе ойлап тапқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар