Қызылордалық тоғызқұмалақшы әлем чемпионы атанды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — 21-27 қыркүйек аралығында Румынияның Бухарест қаласында тоғызқұмалақтан кезекті VIII әлем чемпионаты өтті.
Дүбірлі додаға әлемнің 14 елінен 80-ге жуық үздік спортшы қатысып, бақ сынады. Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен қызылордалық, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ермұхамед Әләйдар айрықша нәтиже көрсетті.
— Ол тоғызқұмалақтың блиц түрінен алтын жүлде иеленіп, әлем чемпионы атанды. Ал рапид түрінен күміс жүлдені қанжығасына байлады. Спортшыны Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Хакімжан Елеусінов жаттықтырды, — деп хабарлады облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы.
Әлем чемпионатына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Түркия, Румыния, Словения, Испания, Чехия, Украина, Мажарстан, АҚШ, Мексика және Оңтүстік Корея елдерінің өкілдері қатысты.
Бұған дейін Қазақстан тоғызқұмалақ пен манғаладан Көшпенділер ойындарында алты алтын медаль жеңіп алды.