Қызылорданың 2 мыңға жуық мектебіне жапсарлас ғимарат салынған

мектеп
Фото: Солтан Жексебеков/ Kazinform

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қызылорда облысында 21 мектеп салынады. Бұдан бөлек, 2 мыңға жуық мектепке жапсарлас ғимараттар салынуда. Бұл туралы өңір әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елордада есептік кездесуінде айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Биыл облыста 4 жаңа мектеп пайдалануға берілуде. Президент бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облысымызда 21 мектеп салынады. Жоба құны – 98 млрд теңге. Қазір 10 мектептің құрылысы жүргізілуде, қалған 11-і келесі жылы басталады», - деді Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында құны 7 млрд 900 млн теңгені құрайтын физика-математика бағытындағы 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық мектеп-интернат құрылысы қарқынды жүргізілуде.

«Қызылорда қаласында 4 іргелі мектептің жанынан 1850 орынға арналған қосымша ғимараттар салынып, пайдалануға берілді. Қосымша ғимараттар салудағы мақсат – біріншіден балалардың үйінен мектепке қатынауына жақын, ыңғайлы. Екіншіден, бюджет қаражатын үнемдеу. Бір жаңа мектеп салуға орта есеппен 3 млрд теңге кетеді. Ал бір қосымша ғимарат салуға кеткен қаражат 700 млн теңге көлемінде», - деп толықтырды облыс басшысы.

Ал шалғайдан қатынайтын оқушылар үшін жаңа үлгідегі 30 автобус алынды.

Соңғы жаңалықтар