Қызылорданың су айдындарынан 80-ге жуық заңсыз ау қалдығы табылды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы иснпекциясы Қызылорда облысында өткен «Таза су айдындары» және «Уылдырық-2026» акцияларының қорытындысын жариялады.

Қызылорданың су айдындарынан 80-ге жуық заңсыз ау қалдығы табылды
Фото: magnific.com

«Таза су айдындары» атты республикалық табиғат қорғау акциясы балық ресурсын сақтау, су айдындарының экологиялық жағдайын жақсарту және табиғат пайдалану заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталды.

Қызылорданың су айдындарынан 80-ге жуық заңсыз ау қалдығы табылды
Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

— Акция аясында су айдындарынан 10 тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды. Балық қорына айтарлықтай қауіп төндіретін 78 заңсыз ау қалдығы анықталып, жойылды. Кешенді жұмыс су экожүйесін сауықтыруға және балықтың табиғи мекендеу ортасын сақтауға мүмкіндік берді, — деді инспекция басшысының орынбасары Жанқожа Сапаров.

Ал «Уылдырық-2026» іс-шарасы су айдындарын тазарту, заңсыз балық аулаудың алдын алу және балықтың табиғи көбеюіне қолайлы жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылды.

— Су айдындарында балықтың уылдырық шашу кезеңінде қорғау шаралары күшейді. Нәтижесінде заңсыз балық аулаудың ондаған дерегі анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылды. Бірқатары сотқа жолданды. Құқық қорғау органдарының өндірісінде қылмыстық сипаттағы істер қаралып жатыр. Заң бұзушылардан жүздеген келі заңсыз ауланған балық пен ондаған балық аулау құралы тәркіленіп, табиғатқа келтірілген залалды өтеу бағытында жұмыстар жүргізілді, — деді Жанқожа Сапаров. 

Бұған дейін Атырау, Маңғыстау және БҚО-да екі айға созылған «Бекіре-2026» акциясының нәтижесінде 1 239 құқықбұзушылық анықталды.