Қызылша өршіді: Нью-Йорк штатында төтенше жағдай жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Нью-Йорк штатының губернаторы Кэти Хокул қызылша ауруының таралуына байланысты төтенше жағдай жариялады. 2026 жылдың басынан бері штатта қызылшаның 108 жағдайы тіркелген.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Нью-Йорк билігі қызылшаға қарсы вакцина салатын және тиісті медициналық талдаулар жүргізетін қосымша медицина қызметкерлерін жұмысқа тартуды жоспарлап отыр. 2026 жылы штатта қызылшаның 108 жағдайы анықталған, оның жетеуі Нью-Йорк қаласында тіркелген. Шілде айының ортасынан бері штат билігі ауылдық аудандарда 1 мыңнан астам вакцина дозасын қолданған.
— Губернатор Кэти Хокул 5 қазанда штаттың ауылдық аудандарында, сондай-ақ көршілес штаттарда қызылша жұқтыру жағдайларының көбеюіне байланысты төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды, — делінген губернатордың сайтындағы хабарламада.
АҚШ-та қызылша жұқтыру жағдайлары соңғы 35 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті. Джонс Хопкинс университетінің соңғы дерегіне сәйкес, жыл басынан бері елде 4 020 жағдай тіркелген. Дәрігерлер аурудың өршуіне халық арасында вакцинация деңгейінің төмендеуін себеп ретінде атап отыр.
Айта кетейік, Бангладеште қызылша індеті өршіп, мыңға жуық бала қайтыс болды.