Қызылшаға қарсы вакцина басқа да жұқпалы аурулардан қорғайды - дәрігер

Қызылша - әлемдегі ең жұқпалы және өлімге әкелетін аурулардың бірі. Оған қарсы жалғыз және сенімді құрал - вакцинация. Бұл туралы Алматыдағы № 36 қалалық емхананың директоры Гүлжайнат Тілеген айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Ажар Ғиният балаларды қызылшаға қарсы уақытылы вакциналауға шақырды
Фото: gov.kz

Гүлжайнат Тілегеннің айтуынша, қызылшамен ауырғандар бөртпе пайда болғанға дейін төрт күн және одан кейін төрт күн жұқпалы болады. Бұл аурудың таралуын тежеуді қиындатады. Қызылша пневмония, энцефалит, тіпті өлім сияқты ауыр асқынуға әкелуі мүмкін.

Вакцинация - балаларды қызылшадан қорғаудың ең тиімді әдісі. Вакцина қауіпсіз әрі тиімді және ауруға қарсы ұзақ мерзімді иммунитетті қамтамасыз етеді.

«Балаларды қызылшадан қорғау үшін олардың вакцинациялануы өте маңызды, өйткені тек вакцина қызылшаның өршу қаупін азайтып, өмірді сақтауға көмектеседі. Бірінші егу 12 айлық балаларға, екіншісі олар 6 жасқа толғанда жүргізіледі. Қызылшамен ауыратын науқастардың көбеюіне байланысты Қазақстанда қызылша, қызамық және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізіліп жатыр. Қазір біздің емханада 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балаларға егу жүргізіліп жатыр. Келесі айдан (1 желтоқсаннан) бастап 2 жастан 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балалар егіледі. Бұл ауру жұқтырған балалардың 60%-ының жоспарлы түрде екпе алмауына, көп жағдайда ата-аналарының екпеден бас тартуына байланысты», - дейді дәрігер.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім еткендей, мегаполистегі инфекциялық стационарлар қызылша ауруының өршуіне байланысты 90,3 пайызға толды.

Мегаполисте қызылша жұқтырған 1994 баланың 1880-і екпе алмаған.