Қызырхан Бабақұмарұлы: Алтайдың байырғы күйі — ұлт рухының үні
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақтың дәстүрлі күй өнерін дәріптеп, атадан балаға жалғасқан күйшілік мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізіп жүрген белгілі күйші, «Халық күйшісі» Қызырхан Бабақұмарұлы. Ол — Алтай өңіріндегі қазақтың дәстүрлі күйшілік мектебінен тағылым алып, сол өнерді елдегі күй өнерімен сабақтастыра дамытып жүрген өнерпаз.
Қызырхан Бабақұмарұлының орындауындағы күйлерден қазақтың байырғы музыкалық дәстүрі, туған жерге деген сағыныш, ел тарихы мен ұлттық рух айқын сезіледі. Күйші дәстүрлі күйлерді орындаумен қатар, өзі де бірқатар күй және ән шығарып, ұлттық музыка қорын толықтырып келеді. Оның орындауындағы көптеген күй Ұлттық музейдің мұрағатына, «Домбыра» телеарнасы мен «Шалқар» радиосының алтын қорына енген.
Бүгінгі сұхбатымызда күй өнерінің қыр-сыры, Алтайдағы күйшілік дәстүр, ұстаздары мен өнер жолы, сондай-ақ Қызырхан Бабақұмарұлының шығармашылығы мен авторлық күйлері туралы әңгіме өрбітеміз.
— Күй өнеріне деген қызығушылығыңыз қашан және қалай басталды?
— Менің күй өнеріне болған қызығушылығым сәби кезімнен басталған. Әкемнің айтуынша, 4 жасымнан бастап, домбыраға қызығып бастаған екенмін. Қолыма ағаш алып, домбыра қылып шертіп ойнаппын. Осы әуестігімді байқаған әкем, ауылдың домбыра жасайтын шеберіне өзіме лайықты домбыра жасатып беріпті. Сол домбыраны тастамай шертуге әуестеніппін. Әкем бір ауылдың бастығы болған кісі еді. Ол кісіге әртүрлі жұмыстармен көп адам келетін. Мен үйге келген кісілерге домбырамды алып барып, күй шертіп беріңіз деп арттарынан еріп жүреді екенмін. Олар алдына алып, білгенін үйретіпті. Менің алғашқы домбыра үйренуім осылай басталған екен.
— Сізді халық арасынан шыққан күйші деп білеміз. Орындаушылық шеберлігіңіз де оқыған кәсіби күйшілерден кем емес. Өзіңіздің орындаушылық мәнеріңізді қалай сипаттар едіңіз, ұстаздарыңыздан алған тағылым өзіңізге қалай әсер етті?
— Әр өңірдің өнерінің өзіндік ерекшеліктері болады. Өнердің бір саласы болған күйде де солай. Алтай күйшілік мектебі шертпе күйді негіз еткен. Алтай шертпе күйлері — күйшілік дәстүр мен шерту мәнері, дыбыс шығару техникасы, орындау шеберлігі мен мазмұнының тереңдігі жағынан дараланып тұрады. Дыбысы жағымды, қоңыр, толқынды келеді. Шерту мәнері мен техникасында өзіне тән өзгешелік бар. Оң қол саусағымен термелеп қағу, сұқ саусақ пен ортаңғы саусақты кезектестіріп термелеп қағу тәсілі қолданылады.
Ескеретін бір іс шерткенде оң қол білегінің рөлі басты орында тұрады. Мен Алтай өңірінің тумасы болғандықтан, аталған өңірдің мәдениеті мен өнері тұла бойыма сіңген.
Менің күй шерту мәнерімде өзіме тән ерекшелік болғанымен, Алтай, Тарбағатай, Іле күйшілік мектебінің мәнерінен ауытқып кетпейді, сол негізде деп айта аламын.
Жалпы жақтан Алтай, Тарбағатай, Іле күй күй мектебі деп аталатын өңірдің күйшілік мектебі тек шертпе күймен ғана шектелмейді. Аталған мектепте оң қолдың еркін сілтеуімен туындаған төкпе күйлерде бар. Сол секілді менің авторлық күйлерімде де төкпе мен шертпе күйлер аралас.
Авторлық күйлерім құрылымы күрделі, толқындық өзгерісі әртүрлі, тақырып пен мазмұны сәйкескен, ұлы табиғат пен адамдық өмірдің байланысы көрнекіленген, дыбысы жағымды, күй тілі арқылы адамға ой салатын толымды күй етіп шығаруға күш саламын. Оның бағасын халық айтар.
Ұстаз тағылымы туралы айтар болсам, бала кезімнен бастап құйма құлақтықпен радиодан күй тыңдадым, оны жүрекке сіңіріп, саусақ арқылы домбыраға түсіріп шерттім. Радиодан небір күйшілердің орындауындағы тәтті күйлерді тыңдап үйреніп, шертіп жүрдік.
— Алтай, Тарбағатай, Іле күйшілік мектебінің өзіне тән қандай ерекшеліктерін айтар едіңіз.
— Алтай, Тарғабатай, Іле күйшілік мектебінде байырғы сарындар сақталған. Ең негізгі ерекшеліктердің бірі — теріс бұраудағы сыбызғы мен домбыра үндескен ескі заман күйлерінің мақамы бар. Нақтырақ айтсақ, күйлер сұңқылдап тартылады, үстіңгі ішек боздап қосылып отырады. Бұл тартыстағы күйлерді тыңдай қалғанда аталған өңірлерге тән күй екенін аңғара қоясың. Сондай-ақ бұл мектепте (әсіресе Алтай өңірінде — авт.) жан-жануарлар мен табиғат құбылыстарына қатысты шығармалар басым орын алады.
Ал, орындау шеберлігі жағынан, іліп тарту арқылы шертілетін көптеген өзін ие қағыстар бар. Соның ішінде көбіне ілме қағыс пен сұқ саусақты іліп қағу, біріңғай іліп қағу, оң қолдың сұқ саусағы мен ортаңғы саусақты кезекпен термелеп қағу тәсілдері жиі қолданылады…
— Қазіргі жастардың күй өнеріне деген қызығушылығын қалай бағалайсыз? Оларды ұлттық музыкаға тарту үшін не істеу керек?
— Қазіргі жастардың күй өнеріне қызығушылығы, бұрынғы жылдармен салыстырғанда біршама жоғарылағанын байқауға болады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық өнерді дамыту жөнінде тапсырмалар берді. Сонымен бірге мәдениет министрлігі де әртүрлі бағдарламалар мен іс-шараларды ұйымдастырып, ұлттық өнерді жоғары деңгейге көтеруде.
Әр жылғы шілденің бірінші жексенбісін республикамыздың домбыра күні етіп белгіледі. Бұл қуанарлық іс. Мектептерде домбыра үйірмелері жаппай ашылып, өнер иелерінің жеке ашқан домбыра үйрету мектептері де көптеп ашылды. Сонымен бірге радио, телевизорларда да түрлі программалар жүргізіліп жатыр. Бұның барлығы қазақ ұрпақтарының домбыра үйренуіне болған ынтасын одан сайын арттырады деген ойдамын.
Жастарды ұлттық музыкаға домбыраға тарту үшін, отбасынан бастап көңіл бөліп, түрлі іс-шараларға, үйірмелерге қатыстыру керек.
Мемлекет белгілеген іс-шаралардан тыс, жергілікті мәдениет орындары мен мектептерде, университеттерде сонымен бірге, жеке меншік мекеме мен үйірмелерде, күй тілін түсіну үшін күйдің шығу тарихын және әйгілі күйшілердің өмір баянын, қызықты оқиғаларынан жарыстар, дебаттар, сайыс сабақтар, лекциялар жүргізіп, күйден әртүрлі жарыстар үздіксіз ұйымдастырылса, осы арқылы ұлттық өнер домбырамыздың орны нығайып, абыройы одан сайын артатындығына өз басым сенімдімін!
— Репертуарыңыздағы өзіңіз үшін ең қымбат немесе ерекше күй қайсы?
— Авторлық күй мен ән рухани балаң сияқты. қанша күй болса да барлығын бірдей санайсың. Салыстырмалы түрде қарасаң бір-бірінен сапалық жақтан парық болатындығы шындық. Авторлық күйлерімнің ішінде шығу тарихы, құрылымы мен күй тілі, тақырып пен мазмұнның үйлесім табуы, табиғат пен адам өмірінің үндестігі жағынан ерекшеленіп тұратын екі күйімді баса айтқым келеді. Бірінші «Марқа көл» күйі. Марқа көл ауданы әкемнің туған жері. 2018 жылы таңға жақын әкем түсіме кіріп, кіндік қаны тамған Мар қакөл туралы әңгімелерін айтты да кете барды.
Әке қайда барасыз жалғасын айтыңыз деп жатып, оянып кеттім. Содан бері Марқа көл туралы күй шығаруды ойлап жүргем, көрген түстен кейін әкемнің рухы туған жерін ойлап, маған ескертіп жатқан болуы керек деп түсіндім. Ұзақ ойланыс, толғаныстан кейін, осы «Марқа көл» күйін шығардым.
Ескерте кететін бір іс, маған күйді жаратушы Алла береді, мен толықтырып жасаушымын. Марқа көл туралы күйім мазмұны жақтан Марқа көлдің көркем табиғаты онда жасап жатқан халықтың рухани көтеріңкі көңіл күйі, бақытты өмір салтын қамтыған.
Құрылымы толық, тақырып пен мазмұны сәйкескен, толқынды дыбыстар негізгі ойды толықтап, күй тілімен табиғат пен адам өмірінің үндестігін байланыстырған, шынайы махаббаттан туған патриоттық күй деп айтуға болады.
Екінші күйім — «Хан тәңірі» деп аталады. 2022 жылы қызмет бабымен Нарынқолға бардым. Хан тәңірі шыңы Нарынқолға жақын орналасқан екен.
Аңыздарда Хан тәңірі шыңының етегіне барып, Құдайдан құлшылықпен жақсы тілек тілесе, ол тілек шың басындағы періштеге жетіп, періште Құдайға жеткізеді деген сөз бар.
Мен осы аңызға сүйеніп Хан тәңірі шыңының етегінде қазақ халқына, қазақ халқының ұрпақтарына құлшылықпен амандық, бақытты өмір тілеген күйім болатын.
Күй мазмұнында тілекпен қоса шыңның тілмен жеткізе алмайтын, таза, көркем табиғаты күй тілімен бейнеленген.
Бұл күйді мазмұны толық, жақсы тілек пен таза табиғат көркі адам санасымен үндескен керемет туынды деп ойлаймын. 2024 жылы менің бұл күйлерімді тыңдаған талантты күйші-композитор Шәміл Әбілтай жоғары бағасын беріп еді…
Айта берсем барлық күйлерімнің де өзіндік ерекшеліктері бар. Автор үшін өзі шығарған әрбір күй бірінен-бірі кем емес. Тек сұраққа қарай екі күйімді айтып отырмын.
— Алдағы шығармашылық жоспарыңыз туралы айтып берсеңіз. Тыңдарманды қандай жаңа жоспармен қуантпақсыз?
— Облыс деңгейінде бір, республикалық деңгейде екі рет халыққа есеп беру концертін өткіздім. Әсіресе, «Отырар сазы» оркестрі және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрімен өткізген концертім халықтың көңілінен шықты деп айта аламын.
Сонымен қатар авторлық күй және әндерім жинақталған «Сүйінші» атты кітап шығардым.
Қазақ радиосының алтын қорына 60-қа тарта күй бердім. Әуезов атындағы ғылыми зерттеу орталығына 50-ден аса, республикалық ұлттық мұрағатқа 40-тан астам күй беріп, алтын қорға сақталды.
Бұл жұмыстардың барлығы күйші, зерттеуші ретінде халқымыздың руханиятына қосқан еңбегім деп айта аламын. Алда тағы бір кітап шығару ойымда бар.
— Өзіңіздің төл күйлеріңіз туралы тағы бір сұрақ, күйлеріңіз дүниеге қалай келеді, әуелі ой туа ма әлде домбыраның үні жаңа шығармаға жетелейме?
— Әрине, ойсыз ештеңе істелмейді. Ол шындық. Алайда өнерде жасампаздық жаратудың түрі көп, ән немесе күй шығару болсын, солай. Композиторлардың ән шығару барысы әртүрлі ғой. Кейбірі сөзге жазады, енді біреулер ән ырғағын шығарып сөз іздейді, енді біреулер тапсырыспен жазады. Осындай әртүрлі жолдар арқыры шыққан туындының сапасында да өзгешеліктер болады. Ең жақсысы шынайы шабытпен жазу деп есептеймін. Ал күй өнері ән шығаруға мүлде ұқсамайды. Күйді оң қолдың қағысын былай, сол қолдың басуын бүйтіп басып шығарайын дегенге келмейді. Әр күйші өз талғамы бойынша күй шығаратын болар. Маған күйді жаратушы береді. Сол күйдің мазмұнына сай құрылымын толықтап жасаушымын…
Кей күйлердің мазмұнын ойланып, толғанып жүргенде береді. Кей күйді төтесінен береді.
Ойлап жүрген тақырыптарға келген күйлерді барынша мазмұнымен байланыстыру, күй толқынды дыбыстарын, мазмұнға үйлестіру жақтарына көңіл бөлемін. Ал табиғаттың төте берген күйлерінің құрылымына, мазмұнына қарай тақырып қоямын. Ішінара кездерде тапсырыспен шығатын күйлер де бар. Олар ұзақ толғаныс арқылы шығады.
Техникалық жағына мән беріп, оң қолды былай қағып, сол қолды былай басып шығарайын деп зорланбаймын, ондай шыққан күй, мағынасыз болады. Менің ойымша, киелі күш пен табиғи шыққан күйлердің өміршеңдігі зор болады.
Бұған дейін Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында күйші, композитор Айбек Бекбосын күй мәдениеті мен бүгінгі тыңдарман талғамы туралы әңгімеледі.