Қызметтік деректердің таралуына көбіне адам факторы себеп болады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның авиациялық әкімшілігінде өткен семинарда қызметтік ақпараттың таралуына көбіне әлеуметтік инженерия мен адам факторы себеп болатыны айтылды. Мамандар қызметкерлерді киберқауіптерден сақтану және дербес деректерді қорғау талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті мәлім етті.

Қызметтік деректердің таралуына көбіне адам факторы себеп болады
Фото: Kazinform\ЖИ

Қазақстанның авиациялық әкімшілігінде киберқауіпсіздік және жасанды интеллектіні қолдану мәселелеріне арналған семинар өтті. Іс-шараға Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің Бас атқарушы директоры Майкл Дэниел, аға кеңесші Ержан Жақыпов және ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің өкілі Айдынхан Қайратов қатысты.

Киберқауіпсіздік
Фото: Азаматтық авиация комитеті

Іс-шараны ашқан Майкл Дэниел ұйым қызметінде киберқауіпсіздікті қамтамасыз етудің және жасанды интеллект технологияларын сауатты қолданудың маңыздылығын атап өтті.

А. Қайратов қатысушыларға цифрлық заңнама, ұйымдардың ішкі қағидалары, қызметкерлерді жыл сайын оқыту, цифрлық объектілерге аудит жүргізу және аса маңызды объектілерді бақылау мәселелері бойынша ақпарат берді. Кездесу барысында қазіргі заманғы киберқауіптер, қызметтік ақпарат пен дербес деректерді қорғау, цифрлық сервистерді қызметтік мақсаттарда пайдалануға қойылатын талаптар, сондай-ақ жасанды интеллектіні жұмыс барысында қолданудың мүмкіндіктері мен тәуекелдері қарастырылды.

Қатысушылар маманға халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде бейнеконференция байланысының бұлттық сервистерін пайдалану, қызметкерлердің шетелдік оқу орталықтарының платформаларында қашықтан білім алуы, сондай-ақ қызметтік құжаттаманы корпоративтік және сыртқы бұлттық сервистерде сақтау мәселелері бойынша сұрақтар қойды.

Семинар қорытындысында ақпараттың таралып кету жағдайларының едәуір бөлігі әлеуметтік инженерия әдістерімен және адами факторға байланысты болатыны атап өтіліп, барлық қызметкерлердің кибергигиена қағидаларын сақтауының маңыздылығы баса айтылды. Сонымен қатар қызметкерлердің ақпараттық қауіпсіздік саласындағы хабардарлығын арттыру мақсатында осындай семинарларды тұрақты түрде өткізу жөнінде ұсыныстар айтылды.

Бұған дейін Қазақстан әуежайларында мүгедектігі бар жолаушылар үшін не өзгергенін жаздық.