Қызу дайындық пен 10 сахналық образ: Рухия Байдүкенова Silk Way Star байқауына қалай әзірленді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық әнші Рухия Байдүкенова халықаралық Silk Way Star байқауының екінші маусымындағы алғашқы кезеңнен кейін қатысушылардың жалпы рейтингінде көш бастады.

Рухия Байдүкенова Silk Way Star байқауына қалай әзірленді
Фото: видеодан алынған скрин

Өнерпаздың байқауға қалай дайындалғаны, сахна сыртындағы жұмысы мен жеңіске жетуіне не көмектескені туралы Jibek Joly телеарнасының «Silk Way Star күнделігі» бағдарламасында айтылды.

Халықаралық музыкалық жобаның екінші маусымы Jibek Joly телеарнасында басталды. Қазақстанда дүниеге келген жобаны биыл Президент телерадиокешені Қытайдың China Media Group медиакорпорациясымен бірлесіп Қытайда жалғастырып жатыр. Бұл маусымда Азия, Еуропа, Африка, Оңтүстік Америка және Океания елдерінің өнерпаздары жеңіс үшін бақ сынайды.

Рухия Байдүкенова Silk Way Star байқауына қалай әзірленді
Фото видеодан алынған скрин

Биыл байқауда Қазақстанның атынан бірнеше халықаралық музыкалық сайыстың жеңімпазы Рухия Байдүкенова өнер көрсетіп жүр. Ол «Балалар Евровидениесі» ұлттық іріктеуінде жеңіске жетіп, 2021 жылы «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің Гран-при жүлдесін иеленген. Сонымен қатар әнші Қытайда 45 мың көрерменнің алдында жеке концертін өткізген.

Silk Way Star байқауы да Рухия үшін сәтті басталды. Екінші маусымның алғашқы кезеңінде жинаған жалпы ұпай саны бойынша ол бірінші орынға шықты.

Әншінің музыкалық продюсері Қуаныш Аманбала Рухиямен он жылға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқанын айтты. Silk Way Star байқауына дайындық бір ай бұрын басталған. Оның сөзінше, әр сахналық нөмірге ерекше мән беріліп, әндерде қазақтың ұлттық аспаптары кеңінен қолданылады.

продюсер
Фото: видеодан алынған скрин

– Күн сайын таңертең дайындыққа келіп, үйге түнгі екі-үштерде қайтамыз. Әндеріміздің басты ерекшелігінің бірі – қазақтың ұлттық аспаптарын қолдану. Қытайлық көрерменге біздің музыканың үнін түсінікті жеткізу үшін барлық аспаптық партияны алдымен осында жазып, дайын материалдарды Қытайға жібереміз. Қытай елімен тығыз жұмыс істеп келе жатқанымызға екі жылдан асты. Қазірдің өзінде бұл жоба Қытай көрермендерінің сүйікті жобаларының біріне айналды деп айта аламын. Рухия байқаудың бас жүлдесін иеленеді деп үміттенемін, – деді продюсер.

Өз кезегінде Рухия Байдүкенова байқаудың әр шығарылымына арнап он түрлі сахналық образ әзірлегенін айтты. Әншінің сөзінше, барлық костюм қолдан тігіліп, дизайны орындалатын әннің стиліне қарай таңдалған.

Рухия Байдүкенова Silk Way Star байқауына қалай әзірленді
Фото: видеодан алынған скрин

– Маған қанатты көйлектер қатты ұнайды. Сондықтан сахналық образдарымның әрқайсысында қанат элементі бар. Олар ұшып бара жатқандай әсер қалдырып, ерекше эйфория сыйлайды, – деді әнші.

Айта кетейік, Silk Way Star байқауының алғашқы маусымының гранд-финалы 2025 жылы Астанада өтіп, бірден алты тілде тікелей эфирде көрсетілді.

Байқаудың он шығарылымы Jibek Joly және Silk Way телеарналарынан берілді. Финалды China Media Group құрамындағы Қытайдың CCTV-15 телеарнасы да көрсетті. Жобаның жалпы көрермендер аудиториясы 1 миллиард адамнан асты.