ҚКХП кандидатының өкілі Степногорск қаласында болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Коммунистік Халық партиясының (ҚКХП) атынан ҚР Президенттігіне кандидат Жамбыл Ахметбековтың Ақмола облыстық сайлауалды штабының жетекшісі Бейсенбай Мәжитов Степногорск қаласындағы «Целингормаш» машина жасау зауытының ұжымымен кездесті. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚКХП баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

ҚКХП кандидатының өкілі Степногорск қаласында болды

Зауыт басшылары штаб жетекшісін-сенім білдірілген өкілді өндірістік цех жұмысымен таныстырды. Іс барысында Б.Мәжитовке кәсіпорынның төл өнімдерді көрсетілді.

«Машина жасау өндірісі - индустриялық бағытта дамыған елдің ұлттық экономикасының негізгі әрі маңызды салаларының бірі. Дәл осы сала қазына қаржысын еселеуге, адамдардың жұмыспен қамтылуына, сонымен қатар олардың әл-ауқатының артуына өлшеусіз үлес қосады», - деді Ақмола облыстық сайлауалды штабының жетекшісі.

Бұдан кейін Б.Мәжитов жиналғандарды ҚР Президенттігіне кандидаттың сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды.

ҚР Президенттігіне кандидаттың сенімді өкілі қарапайым еңбек адамы лайықты жалақы алу, жайлы жағдаймен қамтылу, әлеуметтік жеңілдікке ие болу сынды басымдықтарға ие екенін және оны тиісінше қолдану қажеттігін айтты.

Кездесуге келген қала тұрғындары Б.Мәжитовқа өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақ қойды. Ол әр адамның қымбатшылыққа, зейнет жасына, тұрғын үйге, әлеуметтік көмек пен жәрдемақыға қатысты сауалдарын мұқият тыңдап, нақты мысалмен жауап берді.

Айта кетейік, «Целингормаш» ЖШС зауыты машина жасаумен айналысады. Зауыт тау-кен техникасы құрылғыларын, энергия өндіретін нысандарға арналған жабдық, жүк вагондарына қосалқы бөлшек сонымен қатар химия саласындағы кәсіпорындарға қосалқы бөлшек шығарады.

Фото: knpk.kz