КҚК тағы шабуылға ұшырады: жүк тиеу-қабылдау құрылғысы зақымданды

АСТАНА. KAZINFORM – Ресейдің Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалына экипажсыз қайықтармен жасалған шабуыл салдарынан ВПУ-2 жүк тиеу-қабылдау құрылғысы зақымданды. Бұл туралы Kazinform тілшісі хабарлайды.

 КТК (Каспийский трубопроводный консорциум)
Фото: cpc-online.ru

Оқиға 29 қараша күні Астана уақытымен 06:06-да болды. Новороссийск теңіз порты капитанының тапсырмасымен барлық жүктеу операциялары тоқтатылып, танкерлер терминал акваториясынан шығарылған. КҚК мен мердігер компания қызметкерлері арасында зардап шеккендер жоқ.

«Жарылыс кезінде авариялық қорғау жүйесі тиісті мұнай құбырларын автоматты түрде жауып, қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Алдын ала мәлімет бойынша, мұнай Қара теңізге төгілмеген», – деп хабарлады консорциумның баспасөз қызметі.

Қазір мамандар теңіз суынан сынама алып, экологиялық мониторинг жүргізуде. Барлық жұмыстар мұнай төгінділерін оқшаулау жоспарына сәйкес атқарылып жатыр.

КҚК өкілдері ВПУ-2 құрылғысын әрі қарай пайдалануға болмайтынын айтты. Мұнай тасымалдау тек экипажсыз қайықтар мен дрондар қаупі толық жойылғаннан кейін жалғасады.

Бұл консорциум нысандарына жасалған биылғы үшінші шабуыл. Бұған дейін «Кропоткинская» мұнай айдау станциясы зақымданған болатын.

Еске салайық, 25 қарашада Новороссийск маңындағы КҚК теңіз терминалының кеңсесі де шабуылға ұшыраған еді.

Соңғы жаңалықтар