КҚК терминалындағы оқыс оқиға: Энергетика министрлігі мұнай тасымалына қатысты жағдайды түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан КҚК терминалындағы оқыс оқиға салдарынан «4 млн тонна мұнайдан айырылды» деген ақпарат жалған екенін және бұл техникалық көрсеткіштерді дұрыс түсінбеуден туындағанын хабарлады.

мұнай
Фото: Энергетика министрлігі

Министрлік мәліметінше, КҚК мұнай құбырының Қазақстан бөлігінің жобалық өткізу қабілеті, яғни жүйенің техникалық шегі – 72 млн тонна. 2025 жылы жоспарланған тасымал – 57 млн тонна, ал 11 айдың деректерін есептегенде шамамен 68 млн тоннаға жеткен, яғни жоспардың 119,3 %-ы. Осылайша, 4 млн тонна айырмашылық – бұл құбырдың бос мүмкіндігі, яғни мұнай жоғалған жоқ. Теңіз терминалдағы оқиға жылдық жоспарға критикалық кері әсер етпеді.

– Оқыс оқиғаның өндірістік процестерге нақты әсеріне келетін болсақ, шамамен 480 мың тонна мұнай өндіру уақытша қысқартылды. Бұл – жөндеу кезінде қоймалар толып қалмауы үшін қолданылған технологиялық тұрғыдан қажетті шара. Аталған көлем қайтарымсыз жоғалтылған деп қарастырылмайды және терминал штаттық режимде жұмысын қайта бастағаннан кейін қосымша жүктеме арқылы толықтай өтеледі. Қазіргі сәтте түзетулердің бюджетке әсерін бағалау ерте. Өйткені мұнай компаниялардың активінде сақталып тұр және логистика қалпына келгеннен кейін сатылымға шығарылады, - делінген хабарламада.

Қазір мұнай тиеу жұмыстары терминалда жұмыс істеп тұрған ВПУ-1 (айлақ құрылғысы) құрылғысы арқылы жалғасып жатыр. Ал ВПУ-3-тегі шлангтарды ауыстыру жұмыстары аяқталуға жақын (15 желтоқсанда бітіру жоспарланған. Құрылғыны іске қосу толық өткізу қабілетін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Шектеулерді азайту мақсатында министрлік ірі операторлармен бірлесіп мұнайды әртүрлі бағыттар арқылы тасымалдау шараларын дер кезінде қабылдады.

– КҚК – Қазақстанның негізгі экспорттық жолы, оған толыққанды балама жоқ. Соған қарамастан, барлық қосымша маршруттар пайдаланылды. Атап айтқанда, Қашаған кен орнынан өндірілген мұнайды қоса алғанда бірқатар көлем техникалық қажеттілік пен акционерлер арасындағы коммерциялық келісімдерге сәйкес «Атасу-Алашаңқай» мұнай құбыры арқылы шұғыл түрде Қытай Халық Республикасына бағытталды. Сондай-ақ, «Атырау-Самара» жүйесі арқылы тасымалдау көлемі де арттырылып, теміржол көлігінің мүмкіндіктері пайдаланылып жатыр. Новороссийск және Усть-Луга порттары арқылы қазақстандық мұнайды қабылдау және тасымалдау жұмыстары шектеусіз, штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Ірі жобаларға қатысушы операторлардың (ТКО, NCOC, ҚКО) операциялық қызметіне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Жұмыс ағымдағы келісімдер аясында жүргізіліп жатыр. Меншікті ауыстыру немесе акцияларды сатып алу бойынша келіссөздер жүргізілмейді. Жағдай ҚР Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында, экспорттық келісімшарттардың бұзылу қаупі жоқ, - деді министрліктен.

Еске сала кетейік, бұған дейін КҚК тағы шабуылға ұшырағанын жазған болатынбыз. Ресейдің Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалына экипажсыз қайықтармен жасалған шабуыл салдарынан ВПУ-2 жүк тиеу-қабылдау құрылғысы зақымданды. Оқиға 29 қараша күні Астана уақытымен 06:06-да болды.

30 қарашада Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуылға байланысты Қазақстан наразылық білдірді.

Энергетика министрлігі КҚК-дағы төтенше жағдайға қатысты түсініктеме берді.

Қазақстанда мұнай өнімдеріне жаңа акциз мөлшерлемелері қабылданды.

2040 жылға қарай Қазақстанда жылына 10 млн тонна мұнай өңдейтін зауыт ашылады.

Соңғы жаңалықтар