ККМ: Күн тәртібінде - Азиадаға дайындық
АНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат - Кеше ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов 7-Қысқы Азиада ойындарына көлік нысандарының дайындығы жөнінде лездеме жиналыс өткізді.
Оған қажетті барлық мемлекеттік органдардың, соның ішінде, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің, ҚР Туризм және спорт министрлігінің, ҚР Бас прокуратурасының және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері қатысты, деп хабарлады аталмыш ведомоствоның баспасөз қызметі.
Мәжіліс барысында Ресей Федерациясының Домодедово әуежайында болған қайғылы оқиғаға байланысты көлік нысандарында қауіпсіздік шараларының күшейтілу қажеттілігіне баса назар аударылды.
Көлік ведомствосы басшысының айтуынша, өткен жылдың желтоқсан айында өткен Астана саммитін есепке ала отырып, қазіргі таңда еліміздің басты көлік тоғысы болып табылатын Астана және Алматы қалаларындағы әуежайлар мен темір жол вокзалдары Азиада қонақтарын қарсы алуға дайын. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары тек Азиада күндерінде ғана емес, басқа уақыттарда да қолға алынады. Дәлірек айтқанда, жолаушылардың келіп-кетуін бақылауды күшейту аймақтарын белгілеу, қосымша бақылау камераларын және жүктерді тексеру құрылғыларын орнату бойынша іс-шаралар жүзеге асырылды.