ККМ заңсыз жолаушы тасымалдарымен күресті күшейтуді жоспарлап отыр

АСТАНА. 16 сәуір. ҚазАқпарат - Көлік және коммуникация министрлігі автовокзалдар мен тасымалдаушыларға арналған қызмет көрсетудің бірыңғай стандарттарын әзірлеуде.

ККМ заңсыз жолаушы тасымалдарымен күресті күшейтуді жоспарлап отыр

Аталған ведомствоның мәліметінше, бұл жөнінде Көлік және коммуникация вице-министрі Қайрат Әбсаттаров автотасымалдаушылар мен автовокзалдар ассоциациялар өкілдерінің қатысуымен болған мәжілісте мәлімдеді.

Қ. Әбсаттаровтың айтуынша, автомобиль тасымалдаушыларының қызметі елімізде ерекше сұранысқа ие. Жыл сайын орташа есеппен автобустармен 13 млрд., ал таксимен 3 миллиардтан астам жолаушылар тасымалданады. Алайда, автовокзалдар мен автобекеттердің дамымаған инфрақұрылымы, көрсетілетін қызмет сапасының нашарлығы, заңсыз тасымалдау нарығы үлесінің үлкендігі және апаттық деңгейінің жоғарылығы осы саланың дамуына, сондай-ақ жолаушыларға қызмет көрсету сапасына кері әсерін тигізіп келеді.

Мәжіліс барысында, Көлік және коммуникация министрлігі автомобиль көлігіндегі жолаушылар тасымалын дамыту бойынша іс-шаралар кешенін белгілегенін мәлімдеді. Олар мынадай проблемаларды шешуге бағытталған: диспетчерлік және билет үлестіру қызметтерінің автоматтандырылуы, жылжымалы құрам паркін жаңарту, тасымалдаушылардың жауапкершілігін арттыру және заңсыз тасымалдар үлесін азайту. Сонымен қатар, көліктік заңдарға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы әзірленді. Оған қоса, құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері мен автотасымалдаушылардың өздері кіретін сарапшылық кеңес құрылды.

Тасымалдаушылар көлік ведомствосы қолға алып жатқан іс-шараларды қолдап, тасымалдарды көптеген заң бұзушылықтармен жүзеге асыратын заңсыз тасымалдаушылармен күресті күшейтуді және жолаушыларды қажетті барлық қызметтермен қамтамасыз ете алмайтын кездейсоқ тұрақтарды жоюды өтінді.