ККМ жүкті рұқсат етілген салмақтан артық тиегені үшін салынатын айыппұл көлемін 200 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін көбейтуді ұсынуда
АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - ҚР Көлік және коммуникация министрлігі жүкті рұқсат етілген салмақтан артық тиегені үшін салынатын айыппұл көлемін 200 айлық есептік көрсеткіштен 1000 АЕК-ке дейін көбейтуді ұсынуда.
Бұл туралы аталған ведомство таратқан ақпаратта айтылған.
«Көліктік бақылау комитеті бақылауды күшейту мақсатында Көлік мәселелері жөніндегі заң жобасына, жүкті рұқсат етілген салмақтан артық тиегені үшін салынатын айыппұл көлемін нысан түріне қарай (ЖК, шағын, орта, ірі кәсіп нысаны) 200 айлық есептік көрсеткіштен 1000 АЕК-ке дейін көбейту, сонымен бірге жүкті автокөліктерге рұқсат етілген салмақтан артық тиегені үшін жүк жөнелтушілерді (карьер иелерін) әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізді», - делінген хабарламада.
Министрліктің атап өтуінше, заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында.
Бұдан өзге, ведомство келер жылдан бастап отандық тасымалдаушылардың шет мемлекеттердің аумағы арқылы өтуі үшін берілетін рұқсат құжаттарды бөлудің автоматтандырылған жүйесін енгізуді жоспарлауда. Аталған жүйе рұқсат құжаттарын ашық әрі тепе-тең бөлуді қамтамасыз етеді. Жүйе аталған процеске адамның араласуын болдырмайды және сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді.