ҚҚС төлеу кейінге қалдырылатын импорттық тауарлар тізбесі бекітілді

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Ұлттық экономика министрлігі қайта өңдеу үшін әкелінетін тауарлар тізбесін белгілеу туралы бұйрықты бекіткені белгілі болды.

импорт
Фото: Монцамэ

Ведомство мәліметінше, олардың импорты кезінде кәсіпорындар қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуді кейінге қалдыра алады. Сондай-ақ құжат Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 134-бабының 2-тармағына сәйкес, осындай кейінге қалдыруға құқығы бар салық төлеушілер санатын айқындайды.

— Бұл ретте тізбенің күші Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдердің тауар импортына қолданылмайды. Тізімге Қазақстанда өндірілмейтін немесе ішкі нарықтың қажеттілігін өтемейтін, бірақ бұл ретте қайта өңдеу саласына қажет тауарлар енгізілген. Қабылданған бұйрық қайта өңдеу өндірісіне арналған шикізат пен компоненттерге қол жеткізеді. ҚҚС төлеуді кейінге қалдыру кәсіпорындарға қажетті тауарды әкелу кезінде айналым қаражатынан алмауға мүмкіндік береді. Осылайша олардың қаржысы тұрақты болмақ, — делінген министрлік таратқан хабарламада.

ҰЭМ атап өткендей, кейінге қалдыру тәртібі мен мерзімін салық пен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемді әкімшілендіруге жауапты уәкілетті орган белгілейді.

Бұдан бұрын тауар экспорттаушылар үшін ҚҚС қайтару процесі жеңілдетілетінін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар