Клебанов пен Каннан қалған жылу нысандарын неге мемлекет сатып алды – министрлік жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрлігі Энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында «Петропавл жылу желілері» кәсіпорнын мемлекетке қайтару операциясы туралы пікір білдірді.
– Петропавл қаласының қалай жылусыз қалғаны есіңізде шығар. Сөйте тұра Сергей Кан мен Александр Клебановқа тиесілі Петропавл жылу желісі мемлекетке сатылмақшы. Оның ішінде атышулы №2 жылу электр орталығы да бар. Бұл олигархтардың тозығы жеткен нысандарды жөндеместен мемлекетке сатып құтылу әрекеті емес пе?, - деп сұрады журналист.
Энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаев бұл саясатты жергілікті әкімдіктер жүргізетінін айтты.
– Бұл мәселеде шешімді жергілікті атқарушы органдар қабылдайды. Әкімдіктердің шешімі министрлік құзыретіне кірмейді. Қазір Петропавлдағы нысанды жергілікті әкімдікке өткізу туралы келіссөз жүріп жатқанын білеміз. Павлодар қаласында да сондай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ ол да министрліктің құзыретінде емес, - деді комитет басшысы.
Еске салсақ, биыл жазда Екібастұз Александр Клебанов пен Сергей Кан жалпы құны 3,7 млрд теңге тұратын жылу желісінің мүлкін Екібастұз қаласы әкімдігінің балансына өткізген болатын. Бұл — жылу стансасындағы мүліктерді қаланың коммуналдық меншігіне берудің екінші «траншы».