Кличко Пулевпен кездесу алдына допинг-бақылаудан өтуден бас тартты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Аса ауыр салмақтағы үш нұсқа бойынша әлем чемпионы украиндық Владимир Кличко қарсыласы - Халықаралық боксшылар федерациясының титулына міндетті үміткер болгарлық Кубрат Пулевтің Гамбург қаласында 6 қыркүйекке белгіленген кездесудің алдында допинг-бақылаудан өту талабынан бас тартты.
Бұл туралы Гамбургтегі баспасөз конференциясында Кличконың команда өкілдері хабарлады.
Пулев қарсыласынан жарыстан кейін емес, кездесуге дейін, дайындық уақытында міндетті допинг-бақылау рәсімінен өтуін талап етті.
Алайда Кличконың менеджері Бернд Бенте украиндық боксшы допингтен тек ресми қағидаларға сәйкес өтетінін хабарлады: «Біздің жекпе-жек Неміс кәсіби бокс одағының ережелері бойынша өтеді, бұл жерде допинг-бақылау жарыстан кейін тексеріледі. Бұған дейін бірнеше боксшының допинг қолданғаны әшкере болғандығы - бұл тексеру жүйесінің дұрыс құрылғандығының белгісі», - деді Бенте.
«Зауэрланд Ивент» компаниясы: «Пулевтің промоутерлері Владимирді кемсіткісі келеді. Бұл «дәстүрге» айналып кеткен», деген пікір білдірді.