Климат конференциясында 28 құжатқа қол қою мәселесі пысықталып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — 9–20 қарашада Антальяда (Түркия) БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) өтеді.
«Жасыл даму» АҚ ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен Қазақстанның ұлттық павильонының іскерлік бағдарламасын әзірлеп жатыр. Бағдарлама климаттық шешімдерге, жасыл технологияларға және инвестиция тартуға арналады.
COP31 конференциясына әлем елдерінің көшбасшылары, мемлекеттік делегациялар, бизнес пен ғылым өкілдері, жастар және азаматтық қоғам өкілдері қатысады. Конференцияда парниктік газдар шығарындыларын азайту, климаттың өзгеруіне бейімделу және Париж келісімін іске асыру жөнінде халықаралық келіссөздер жүргізіледі.
Қазақстан павильонында климаттық саясат, жасыл технологиялар және орнықты даму саласындағы ұлттық және өңірлік бастамалар таныстырылады. Алдын ала бағдарлама бойынша халықаралық сарапшылардың, БҰҰ жүйесіндегі ұйымдар мен қаржы институттары өкілдерінің қатысуымен 36 іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
Негізгі іс-шаралардың бірі Орталық Азияның бес елінің экология министрлерінің кездесуі болмақ. Кездесуде өңірлік ынтымақтастықты нығайту, бірлескен климаттық бастамалар және ортақ экологиялық мәселелерді шешу жолындағы іс-қимылды үйлестіру мәселелері талқыланады деп жоспарланған.
Бағдарламада климаттық қаржыландыру мен көміртегі нарықтарын дамытуға баса назар аударылады. Қатысушылар Париж келісімінің тетіктерін, жасыл жобаларға инвестиция тарту мүмкіндіктерін, әділетті энергетикалық ауысу және Қазақстанның климаттық инвестициялық платформасын қалыптастыру мәселелерін қарастырады.
Бірқатар іс-шара циркулярлық экономиканы, қалдықтарды қайта өңдеу саласын дамытуға және таза технологияларды енгізуге арналады. Атап айтқанда, Орталық Азияда циркулярлық экономика саласындағы әріптестікті дамытуға арналған негіздемелік бағдарламаны талқылау көзделген. Сондай-ақ қалалардың орнықты инфрақұрылым құру және инвестиция тарту тәжірибесі қарастырылады.
Климаттың өзгеруіне бейімделу тақырыбы аясында өңір үшін маңызды мәселелерге көңіл бөлінеді. Олар Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіруді, Каспий экожүйелерін сақтауды, су ресурстарын ұтымды пайдалануды, ауыл шаруашылығының климаттың өзгеруіне төзімділігін арттыруды, ормандар мен далаларды қорғауды және қалпына келтіруді қамтиды.
Технологияларға арналған кездесулерде жасанды интеллект пен ғарыштық технологияларды қолдану, метан шығарындыларын бақылау, ғимараттардың энергия тиімділігін арттыру және климатқа қатысты шешімдер қабылдауда ғылыми деректерді пайдалану мәселелері талқыланады. Климаттың өзгеруінің халық денсаулығына әсері, экологиялық білім беру және жастардың климаттық саясатқа қатысуы жөнінде де іс-шаралар өткізу көзделген.
COP31 аясында 28-ге жуық құжатқа қол қою мәселесі де пысықталып жатыр. Олардың қатарында 19 меморандум, сондай-ақ ынтымақтастық туралы келісімдер, шарттар және өзге де құжаттар бар. Алдын ала тізбеге метеорология, энергетикалық ауысу, климаттық инвестициялар, таза технологиялар, қоршаған ортаны қорғау және денсаулық сақтау салалары бойынша құжаттар енгізілген.
«Жасыл даму» АҚ да халықаралық әріптестікті кеңейтуге, климаттық саясат, климаттың өзгеруіне бейімделу және орнықты даму салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар меморандумға қол қоюды жоспарлап отыр. Қол қойылатын құжаттардың түпкілікті тізбесі әріптестермен келісілгеннен кейін айқындалады.
Қазақстан павильонының жұмысы халықаралық әріптестікті кеңейтуге, қаржыландыру тартуға және Қазақстан мен Орталық Азияның климаттық әрі экологиялық басымдықтарына сай практикалық шешімдерді ілгерілетуге бағытталады.
Халықаралық қонақтар мен әріптестерді, мемлекеттік органдардың, бизнес пен ғылыми қауымдастықтың өкілдерін және COP31 конференциясының барлық мүдделі қатысушыларын Антальядағы Қазақстан Республикасының ұлттық павильонына шақырамыз. Павильонда климаттық шешімдер мен ынтымақтастық мүмкіндіктерін бірге талқылауға болады.
Айта кетелік Бангкок қаласында Каспий теңізінің экологиялық жағдайы талқыланған еді.