ҚМДБ Астанада жастар арасында сүйісуден болатын жарысқа қатысты мәлімдеме жасады
АСТАНА. 9 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы сорақы сайысты болдырмауға қатысты мәлімдеме жасады.
«Ғасырлар бойы мұсылман болып келген қазақ елі небір зұлматтардан аман өтіп, жаңа заманға аяқ тіреп, еңсесін тіктеп, иманды өмірге бет бұра бастағанда, «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты». Сарыарқаның төсінде, дәлірек айтқанда, әсем қала Астанада жастар арасында сорақы сайыс өткізу туралы «бастама» есті жұртты елең еткізді һәм ұлт пен дін жанашырларының наразылығын тудырды. Оған 13 шілде күні өтетін сайыста Астана жастарының ардан безуі себеп болмақ», - дейді ҚМДБ.
Таратылған мәліметке сәйкес, осыған дейін, нақты айтқанда, 2010 жылдың 25 желтоқсанында аталған жарысты ұйымдастырушылар «Нұр Астана» мешіті жанындағы «ASIA PARK» сауда үйінде тырдай жалаңаш жастар жарысын өткізген болатын. Енді екі күн бойы (48 сағат) бұғанасы бекімеген, рухани діңгегі қатпаған жастарды ұзақ сүйісуден жарыстырмақ.
«Жастарды жалаңаштау да, сүйістіру де - түптеп келгенде ұлтты азғындыққа салудың алғашқы баспалдақтары. Бұл біздің елдің имандылығы мен адамшылығын сарапқа салары анық. «Күнәлі іспен «Гиннес» кітабына енеміз» деген ойдың өзі неткен қорқынышты, әрі жиіркенішті»,-дейді ҚМДБ.
«Сан ғасырдан бері ұлының иманы мен қызының ибасын өміріне тірек етіп келген момын қазақтың ішінен осындай пайымсыз тентегін тиятын атқа мінер табылмайды дегенге сенгіміз келмейді. Күні кеше ғана бүкіл қазақ мұсылман ел екенімізді айдай әлемге паш еттік. Ғажайып «Әзірет Сұлтан» мешіті ашылды. Міне, бүгінде рухани келісімнің ордасына айналған Астанада ұлт болашағы - ұл мен қызымызды сүйісуден жарыстыру қаншалықты орынды? Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмаса, ертең елімізде ашық зина жасаудан байқау өткіземіз дейтіндер шықпасына кім кепіл? Адамзаттың асылы ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде: «Егер бір жамандықты көрсең, қолмен түзет, оған шамаң келмесе, тілмен айт, оған да күшің жетпесе, жүрекпен жек көр. Бұл - иманның ең әлсізі», - деген. Ендеше ел төрінде осындай сорақы істі болдырмауға баршамыз жауаптымыз. Сондықтан «арым - жанымның садағысы» деп өткен арда қазақтың бүгінгі ұрпақтары бұл іске бей-жай қарамайды деген сенімдеміз», - делінген мәлімдемеде.