ҚМДБ ғимаратының ауласында балаларға арналған ойын алаңы бой көтерді

АСТАНА. 3 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы орналасқан ғимараттың ауласында балаларға арналған ойын алаңының тұсауы кесілді.
None
None

ҚМДБ-ның баспасөз қызметінен хабарлағандай, алаң 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ашылды.

«Мешіт ауласына дастархан жайылып, бүлдіршіндерге сыйлықтар таратылды. Өнерлі жігіттердің қатысуымен театрландырылған көріністер қойылды. Балуандар күресіп, қызықты ойындар ұйымдастырылды. Жетім балалар да назардан тыс қалмады. Ата-ананың аялы алақанынан айырылған 100-ге жуық баланың көңілі шаттыққа бөленді. Діни басқарманың атынан оларға арнайы сый-сияпаттар берілді», - делінген хабарламада.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мемлекетіміздің болашағы саналған бүлдіршіндерді айтулы мерекелерімен құттықтай келе, ата-аналарды ұрпақ тәрбиесіне жіті көңіл бөлуге шақырды.

Сондай-ақ ҚМДБ төрағасы Алматы облысы Талғар ауданында бір емес, бірнеше жетім бүлдіршіндерді қамқорлығына алып, тәрбиелеп, өсіріп келе жатқан Тұяқ әжеге қасиетті Құран Кәрімді сыйға тартты. Іс-шараға жиналған ата-аналар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, Бас мүфтидің игілікті бастамасына ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды.

Бүгінде Бас мүфти тапсырмасымен еліміздің барлық мешіттерінде балалар мерекесіне орай қайырымдылық акциялар, рухани концерттер, тәрбиелік мәні мол іс-шаралар жүзеге асырылуда.

Соңғы жаңалықтар