ҚМДБ қажылық қамына кірісті

Бес парыздың бірі саналатын оразадан соң, яғни араға екі ай салып қаржылық мүмкіндігі бар әлем мұсылмандары қажылық сапарына аттанады. «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осынау ұлық құлшылыққа дайындық жұмыстарына қазірден кірісіп кетті. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі туристік фирма өкілдерін қабылдады. Басқосуда қажылық сапарына қатысты мәселелер талқыланып, ұсыныстар мен ұтымды ойлар ортаға тасталды»,-делінген ҚМДБ мәліметтерінде.
«Биыл 2012 жылы сәуір мен 1 мамыр арасында Меккеде болдым. Сауд Арабиясының қажылық істер министрі Бандар бин Мұхаммед мені арнайы шақырды. Онда өткен жылғы қажылықты талқыладық. Үстіміздегі жылға 5000 орын сұрадық. Квота тегін беріледі дегенді білдірмейді. Квота Сауд Арабиясының Қазақстаннан бес мың қажы қабылдайды дегенді білдіретін сөз»,-дейді Бас мүфти.
Алқалы жиында Бас мүфти Сауд Арабиясымен жасаған келісім-шатқа сәйкес, туристік фирмалар өкілдеріне ұлық сапарға баратын адамдардың Қазақстан азаматы болу қажеттігін қаперге салды. Кездесуде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау туралы да сөз болды. ҚМДБ төрағасы бесінші парызды өтеу барысында орын алуы мүмкін кемшіліктердің алдын алуды ұсынды.