ҚМДБ қызмет көрсетудің сапасын артыру мақсатында қажылық фирма жетекшілерін миссияға мүшелікке қабылдады - Мекке

МЕККЕ. 22 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажыларға қызмет көрсетудің сапасын артыру мақсатында биыл қажылық фирма жетекшілерін миссияға мүшелікке қабылдады.
None
None

Бұл - қажылық компания жетекшілерінің діни басқарма жұмысын жауапкершілікпен бөлісе отырып, тиісті тапсырамаларды тыңғылықты атқаруына серпін береді, деп хабарлады Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы Мекке қаласынан.

Үстіміздегі жылы 21 қазанда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Аппарат басшысы Балғабек Мырзаев қажылық миссиясының штаб пәтерінде фирма жетекшілерімен дөңгелек үстел өткізді. Басқосуға ҚМДБ қажылық бөлімінің меңгерушісі Қанат Нұрмаханұлы, уағыз-насихат бөлімінің бас маманы Алтынбек Ұтысхан қатысты. Онда қажыларға қызмет көрсетудің сапасын арттыру мәселелері сөз болып, компания өкілдері бұл жайлы ойларын ортаға салды. Басқосуда Арафат, Мина, Мұздалифа жазықтарында қажылық рәсімдерін ұйымдастыру жұмыстары пысықталды. Қазақстаннан келген жерлестеріміз жайлы толық ақпарат алмасылды. Сондай-ақ парызын өтеуші отандастарымызды Жидда әуежайынан күтіп алу, шығарып салу шаралары әңгімеге арқау болды. Қажыларды Меккеден Минаға, Арафат пен Мұздалифаға тасымалдауда жол қозғалысы қауіпсіздігін қатаң сақтау шараларын қолға алу жағы да назардан тыс қалмады. Сонымен қатар қандай жағдай болсын миссия мүшелеріне ескерту қажеттігі ескертілді.  

«Қажыларға қызмет көрсету кезінде әртүрлі жағдайларға тап боламыз. Сондықтан жерлестеріміздің жол жүру барысында қауіпсіздігін қамтамасыз ету, денсаулығын жіті қадағалап, дер кезінде көмек көрсету - бәрімізге ортақ іс. Жауапкершілікті сезініп жұмыс жасайық», - деді Б.Мырзаев қажылық фирма жетекшілерімен кездесуінде.

Еске сала кетейік, қазақстандық қажыларды тасымалдаумен 20 компания айналысады.

 

Соңғы жаңалықтар