ҚМДБ-ның Астанадағы жаңа ғимараты 2015 жылдың соңына дейін салынып бітеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мүфтияттың Алматыдан Астанаға көшетінін мәлім еткен еді.
Бас мүфтидің айтуынша, бұл тарихи маңызға ие қадам. Ержан қажы Малғажыұлы Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз бен аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиевке ҚМДБ қызметкерлеріне уақытша кеңсе табуды тапсырды. Үстіміздегі жылдың соңына дейін Астанаға діни басқарманың 15 адамнан тұратын негізгі құрамы көшеді. ҚМДБ баспасөз қызметінің хабарлауынша, жалпы аумағы 1,5 гектарға жуық жаңа ғимарат 2015 жылдың соңына дейін салынып бітеді. Ол қаладағы Әзірет Сұлтан мешіті мен АҚШ елшілігінің арасында орналасады. ҚМДБ бас кеңсесінің аумағы 11 мың шаршы метрден асады, онда жеке кабинеттер, үлкен және кіші залдар, тіпті, спорт кешені де болады. Сондай-ақ мүфтият қызметкерлеріне арналған жатақхана мен рухани әдебиеттер кітапханасы да ашылады. Бұрын хабарланғандай, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшылығын халықтың діни сауаттылығын арттыру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырып, оны Алматыдан Астанаға көшіруді ұсынған болатын, деп хабарланған елорда әкімдігінің ресми сайтында.