ҚМДБ жанынан халал-стандарт бөлімі ашылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан халал-стандарт бөлімі ашылады. Бұл туралы бүгін ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан Қажы Малғажыұлы айтты.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында ешқандай құрылымдық өзгерістер болмайды. Бірақ бөлімдер қосылады. Мәселен, халал стандарт бөлімін ашайық деп жатырмыз. Өйткені, бұл қазіргі таңдағы маңызды мәселелердің бірі. Ас - адамның арқауы. Сондықтан біз Қазақстандағы мұсылмандардың азықтану мәселесі халал болса деген ниетпен халал стандартын ашқалы отырмыз. Жалпы, үлкен өзгеріс болмайды», - деді Ержан қажы.
Бас мүфтидің атап өтуінше, мұсылман қауымының ұлық мерекесі Құрбан айт қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қазақстанның бас қаласы елордаға көшіп келді.
Биыл, Құдай қаласа, Құрбан айтты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Астана халқымен бірге тойлайтын болады», - деді ол.