Кімде қандай пәтер, кеме, ұшақ бары тізіліп тұр – Министр сән-салтанат салығы туралы
АСТАНА. KAZINFORM – Сән-салтанат салығын есептеудің өзіндік методикасы бар. Ол туралы толығырақ Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында айтып берді.

— Салықтық мораль деген бар, оның мәні — бай адам көбірек төлеу керек. Ол —аксиома емес, мүмкіндігің болса көбірек төлеген жөн. Сондықтан алған дүние 450 млн теңгеден астам болса, онда сән-салтанат салығын төлейді. Негізі оның есебі күрделі. Салық бағалауға байланысты, өйткені нарықтың бағасы мен ресми бағаның айырмашылығы ескеріледі. Есептеудің өз методикасы бар, объектінің бағасы 450 млн теңгеден астам болса, онда жылына 3 млн теңгеге жуық базалық салық, оған қосымша тағы 2% төлейсің. Ал автокөлік бойынша 75 млн теңгенің үстінде болса, салық қарастырылады, - деді Серік Жұманғарин сұхбат барысында.
Сонымен қатар вице-премьер қымбат кеме, ұшақ, темекі және алкоголь өнімдеріне 10% акциз төлеу көзделгенін мәлім етті.
— Бірден айтып кетейін, бұл — көп ақша емес. Қазір бізде кімде қандай пәтер бар, қандай кемесі және ұшағы бары туралы тізім бар. Сондықтан қатты әсер етпейді, бұл — қағида, - дейді министр.
Айта кетейік, 9 сәуірде Мәжіліс Салық кодексінің жаңа жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Салық кодексінің жаңа жобасы бойынша салық есебін тапсыратындар саны 30 пайызға қысқарады.
Еске салсақ, қосылған құн салығы салынатын айналымның төменгі шегі 40 млн теңге болады.
Сондай-ақ Серік Жұманғарин корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі өсетін салаларды атады.