Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ҚМГ басшысы жаңадан ірі кен орнын игеруге қатысты түсінік берді

АСТАНА. KAZINFORM — «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов алдағы іске асатын ірі кен орнына қатысты түсінік берді. 

геологиялық барлау
Фото: Kazinform

— «ҚазМұнайГаз» геологиялық барлаудың үлкен бағдарламасын қабылдады. 2026-2030 жылдары ауқымды іс-шаралар жоспарланған. Осы ретте 26 ұңғыманы бұрғылау қарастырылған. Бірқатар учаскеде сейсмикалық барлау қамтылады, оның арасында Жылыой учаскесі де бар, — деді Асхат Хасенов «Самұрық-Қазына» қоры Қоғамдық кеңесінің отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, Қаратон жобасы бойынша ҚМГ-де серіктес бар. Осы орайда бір ұңғыма бұрғыланды. Бұл жобаға қаражат серіктес есебінен өтеледі.

Асхат Хасенов
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Жылыой жобасы да осы шарттар негізінде жүргізіледі, өйткені онда да серіктесіміз бар. Ал Тажығали жобасына тоқталсақ, ҚМГ оны өзі іске асырады, — деді Асхат Хасенов.

Сонымен қатар ол геологиялық барлау жұмыстарының тәуекелі жоғары екенін еске салды.

— 10 ұңғыманың тек үшеуі ғана сәтті болады, яғни қалғаны 70 пайызында тәуекелі жоғары. Бірақ бір ұңғымадан мұнай тапсақ, осының өзі барлық шығынды қайтарады, — деді ҚМГ басшысы.

Еске салсақ, бұған Қазақстанда Қашағаннан кем кем емес кен орны пайда болуы мүмкін екені айтылды

Геологиялық барлау жұмыстарының негізгі бағыты Қаратон, Тажығали және Жылыой учаскелерін қамтитын Жылыой карбонатты платформасы болып отыр.