ҚМГ БӨ 2010 жылдың бірінші жартыжылдығында 6 283 мың тонна мұнай өндірді
АСТАНА. Шілденің 28-і. ҚазАқпарат - «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ алдын ала мәліметтер бойынша ағымдағы жылдың алғашқы алты айында «Қазгермұнай»,
«ССЕL» және «ПетроҚазақстан Инк.» компанияларындағы үлестерін есепке алғанда, 6 283 мың тонна (күніне 257 мың баррель) мұнай өндірді. Бұл ақпаратты аталған компанияның баспасөз қызметі таратып отыр.
Ведомствоның атап өтуінше, бұл көрсеткіш 2009 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 610 мың тоннаға немесе 11 пайызға артық. Мұнай өндірудің артуы негізінен, «ПетроҚазақстан Инк.» компаниясының 733 мың тонна мұнай өндіруі есебінен болып отыр.
«Өзенмұнайгаз» және «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалдары 2010 жылдың бірінші жартыжылдығында 4 316 мың тонна (күніне 175 мың баррель) өндірген, бұл 2009 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 107 мың тоннаға немесе 2 пайызға кем. Өндірудің азаюы ағымдағы жылы наурыздың 4-і мен 18-і аралығында «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалында наразылық акциясы орын алып, бірқатар жұмысшылардың ауысымға шығудан бас тартқан кезінде ұңғымалар қорына қызмет көрсету режімінің бұзылуы және мұнай қондырғыларына дер уақытында жөндеу жұмыстарының жүргізілмеуіне байланысты болды.
«Қазгермұнай», «ССЕL» және «ПетроҚазақстан Инк.» компанияларының өндіруіндегі ҚМГ БӨ үлесі 2010 жылдың бірінші жартыжылдығында 1 967 мың тоннаны (күніне 81 мың баррель) құрады.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес аталған үш компания өндірген мұнайды есепке алмағанда, бірінші жартыжылдықта 4 310 мың тонна мұнай (тәулігіне 175 мың баррель) сатылды, оның ішінде 3 459 мың тонна мұнай (тәулігіне 141 мың баррель) сыртқа шығарылды.
«Қазгермұнай», «ССЕL» және «ПетроҚазақстан Инк.» компанияларының сату көлеміндегі ҚМГ БӨ үлесі сыртқа шығарылған 1 686 мың тонна мұнайды (тәулігіне 70 мың баррель) есепке алғанда, 2 306 мың тоннаны (тәулігіне 96 мың баррель) құрады.