ҚМГ БӨ: «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалындағы заңсыз ереуілге қатысушылардың саны 850 адамнан аспайды
АСТАНА. 20 шілде. ҚазАқпарат - «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ (ҚМГ БӨ) «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалындағы заңсыз ереуілге қатысушылардың саны 850 адамнан аспайды деп мәлімдеме жасады.
«Еуропарламент депутаты Пол Мерфидің бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәлімдемелеріне байланысты «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ («ҚМГ БӨ», «Компания») Жаңаөзен қаласында 4 мың мұнайшы ереуілдеп жатыр деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні туралы хабарлауды жөн санайды», - делінген хабарламада.
ҚМГ БӨ нақтылағандай, компания күн сайын жұмысқа шықпаған жұмыскерлердің есебін жүргізеді және олардың саны заңсыз наразылық акциясы басталғалы бері қашан да айтарлықтай аз болған.
«Сонымен, 2011 жылдың 18 шілдесі күні 850 адам жұмысқа шықпады, ал филиалдың жалпы штаттық саны 9 180 адамды құрайды», - деп хабарлады компания.