«ҚМГ Өнімдері», «Гелиос» және «Sinooil» компанияларына ымыраласып баға көтергендері үшін 220 млн. теңгеден астам айыппұл салынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚМГ Өнімдері», «Гелиос» және «Sinooil» компанияларына ымыраласып баға көтергендері үшін 220 млн. теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы Серік Жұманғарин мәлім етті.
«Ағымдағы жылдың 13 қарашасында бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекет белгілері бойынша «ҚМГ Өнімдері», «Гелиос» және «Sinooil» компанияларына қатысты тергеу амалдары аяқталды. Айыппұлдың болжамды көлемі 220 млн. теңгеден астамды құрайды»,- деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, комитет жанар-жағармайдың босату құнын арттыруға байланысты монополияға қарсы реттеу шараларын қабылдауы аясында 23 субъектіге тергеу амалдарын тағайындаған.
«Шағын және орта бизнес субъектілеріне бағаны келіскені үшін алған табыстарынан 3, ірі бизнеске 5 пайыз мөлшерінде айыппұл салынды»,- деді С.Жұманғарин.