Кобахидзе: Грузия Армения және Әзербайжанмен шекараны достық жағдайда белгілейді
АСТАНА. KAZINFORM — Грузия Армения және Әзербайжанмен мемлекеттік шекараны делимитациялау мен демаркациялау жұмыстарын достық жағдайда жүргізеді. Бұл туралы Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе мәлімдеді, деп жазады Armenpress.
Кобахидзе бұл туралы соңғы уақытта Грузия мен Әзербайжан арасында шиеленіс туындаған Давид-Гареджи монастыріне қатысты мәселені сөз еткен кезде айтты, деп хабарлайды Armenpress Imedinews-ке сілтеме жасап.
— Гареджи мәселесіне келсек, біз шекараны делимитациялау және демаркациялау бойынша достық жағдайда белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Бұл мәселе бізге мұра болып қалды. Алдыңғы үкіметтің тұсында жағдай күрделене түсті, өйткені олар тиісті карталарды басшылыққа алмаған. Оның немен аяқталғанын өздеріңіз де білесіздер. Біз достық жағдайда жұмыс істеп жатырмыз. Әзербайжанмен де, Армениямен де достық қарым-қатынасымыз бар. Сондықтан екі мемлекетпен де шекараны делимитациялау және демаркациялау қажет. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да толықтай достық жағдайда жалғасады. Бұл — егемен мемлекеттің ұстанымы, — деді Ираклий Кобахидзе.
Осыған дейін Грузияда рұқсатсыз жұмыс істегендер 5 жылға дейін елден шығарылуы мүмкін екенін жазғанбыз.