Қобыз сарайында Батыс Қазақстан облысының белгілі өнер шеберлерінің концерті өтеді

АСТАНА. 1 қазан. ҚазАқпарат - Ертең, 2 қазан күні Астанадағы Қобыз сарайында Батыс Қазақстан облысының белгілі өнер шеберлерінің концерті өтеді.

Қобыз сарайында Батыс Қазақстан облысының белгілі өнер шеберлерінің концерті өтеді

Күміс көмей әнші, айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев «Айман-Шолпан» эпостық дастанын астаналық көрермендер алдынды жырлап шығады.

Одан кейін Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әнші, күйшілері кезек-кезек сахна төріне көтеріледі.

Атап айтқанда, белгілі домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ермек Қазиев бірнеше күйлерді орындайды. Ал Қатимолла Бердіғалиев батыс өңірі сазгерлерінің әнін шырқайды. Сондай-ақ концертте Серік Әбдірахманов, Серік Өтегенов, Күләш Қуанышқалиева, Ақмарал Ахметова, Ернар Өмірәлі, Еркін Өтегенов сынды өнер иелері елордалық көремендерге ән шашуын ала келмек.