Кодекс жобасында әкімшілік жауапкершілікке тарту мен жазалаудың көптеген негіздері нақтыланған
Осыған орай Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінен іс жүргізу нормалары алынып тасталады да, жаңа редакциядағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі қабылданады. Бүгін осындай мақсатты көздеген «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (жаңа редакция), «Қазақстан Республикасының Әкімшілік іс жүргізу кодексі жобаларының Мәжілісте таныстырылымы болып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне іс жүргізу заңнамасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да таныстырылды.
Заңнамалық актілердің таныстырылымын Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті ұйымдастырып отыр.
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев кіріспе сөзінде бұл құжаттардың маңыздылығын айтып өтті.
«Заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес, Әділет министрлігі Әкімшілік іс жүргізу кодексі және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі және ілеспелі заңының жобаларын әзірледі»,- деді заң жобасы жөнінде депутаттарға түсінік берген ҚР Әділет министрінің орыбасары Дулат Құсдәулетов.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің жаңа редакциясымен сілтеме нормаларды жою, нақты құқық бұзушылық құрамдарын көрсету, ең төменгi және барынша жоғары мөлшердегі айыппұл айырмашылықтарын елеулі төмендету, айыппұлдың белгіленген мөлшерлерін бекіту, жеке-құқықтық немесе азаматтық деликтерге белгіленген жауапкершілікті алып тастау мақсатын көзделіп отыр. Кодекс жобасында әкімшілік жауапкершілікке тарту мен жазалаудың көптеген негіздері нақтыланған.
Ал Әкімшілік іс жүргізу кодексінің жобасы бойынша нақты істердің шешуі бойынша әкімшілік іс жүргізу қатынастары уәкілетті субъектілерінің іс жүргізу қызметін, әкімшілік дауларды, мемлекеттік басқару аясында әкімшілік құқық бұзушылықты мемлекеттік органдардың заңсыз әрекетінен (әрекетсіздігінен) әкімшілік соттарда құқықтары мен бостандықтары және заңмен қорғалған адам мен азаматтың мүдделері және заңмен қорғалған заңды тұлғаның мүдделерін қорғау тәртібі реттеледі.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне іс жүргізу заңнамасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасымен лицензиялау туралы заңнамасын жетілдіру мәселесі бойынша «Кеден кодексі», «Лицензиялау туралы», «Байланыс туралы», «Нотариат туралы» және т.б заңдарға түзетулер енгізіледі.