Кофе көзге пайдалы ма?
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ ғалымдары кофе ішу көзге пайдалы болуы мүмкін деген пікірде. Бұл туралы Medicinform хабарлайды.
Мамандардың айтуына қарағанда, кофе құрамындағы антиоксидант - хлорогендік қышқыл (CLA) көздің тор қабатын дегенерациядан сақтайды. Адамдарда бұндай ауру көбіне кәрілікпен, глаукома, диабетпен байланысты болып келеді.
Тышқандарға тәжірибе жасау кезінде CLA алып отырған тышқандарда тор қабатының зақымдануы байқалмаған. Зерттеушілерге ендігі мақсаты - хлорогендік қышқылдың көздің тор қабатына тікелей әсерін білу. Егер әсері болса, онда арнайы көзге тамызатын дәрі жасауға болар еді.
Сарапшылар кофе әлемдегі ең танымал сусындардың бірі болып табылатындықтан оның пайдасын да біле жүрген абзал деп есептейді.