Көгалдандыруға 5 млрд теңге: Астанада барлық ағаш-бұта нөмірленеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада жасыл желектерді түгендеу жұмысы жүріп жатыр. Әр ағашқа номер беріліп, олар интерактивті картаға енгізілімек. Бұл туралы Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көгалдандыруға 5 млрд теңге: Астанада барлық ағаш-бұта нөмірленеді

Аталған басқарма басшысының мәліметінше, биыл елорданы көгалдандыру мен абаттандыруға 5 млрд теңге бөлінген. Аталған қаржыға қаладағы 13 скверді және бір қоғамдық кеңістікті көгалдандыру көзделген.

Сондай-ақ оның айтуынша елорда іргесіндегі «жасыл белдеуді» абаттандыруға 1 млрд теңге жұмсалды.

«Жасыл желектерді цифрландыру бағдарламасы аясында барлық ағаш, бұталар, көгалдар мен гүлзарларды дерекқорға енгізіп, түгендеу жүргізілді. Бұл жұмыс қазан айының соңында аяқталады. Болашақта арнайы мобильдік қосымшаның көмегімен интерактивті картадан әр цифрланған ағаштың орналасқан жерін, түрін, жасын, түгендеу нөмірін, жауапты иесін және басқа деректерді көруге болады», - деді Ә. Қожабаева қала мәслихатының тұрақты комиссия отырысында.

Одан бөлек, мәслихат отырысында қаланы абаттандыру жұмысының барысы қаралды.

«Бүгінде біздің басқарма екі жобаны іске асырып жатыр. Бірінші жоба - «Мыңжылдық аллеясында» бульварлар мен скверлер салу. Екінші - Керей-Жәнібек және 19-С көшесінің бойында жағалау салу. Мыңжылдық аллеясында бульварлар мен скверлер салу халықтың жаппай демалуына арналған және қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған жоба ретінде әзірленді. Бүгінгі таңда бас аллеяның құрылысы аяқталды. Қазір солтүстік және оңтүстік аллея бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деді Астана қаласының Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық-шаруашылық басқармасының басшысы Марсель Ұзақов.