Қоғам белсенділері ҮЕҰ туралы арнайы заң қабылдауды ұсынды

заң
Фото: freepik.com

Азаматтық қоғам институттарының өкілдері «Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдар туралы» жаңа заң әзірлеуді ұсынуда, деп хабарлайды Kazinform.

Айта кетейік, елордада Қазақстанның республикалық XI азаматтық форумы өтіп жатыр. Азаматтық Альянстың вице-президенті Гүлнар Құрбанбаева негізгі іс-шараға дейін 5 ай бойы 20 өңірде азаматтық форум өткізілгенін айтты. Бұл жиындарда қоғам белсенділері жергілікті және орталық мемлекеттік органдарға 400-ден астам ұсыныс жинаған.

Қазірдің өзінде біз (азаматтық қоғам – ред.) дайын стратегиялық серіктестерге айналдық, біз өзіміз зерттеу жүргізе аламыз, мемлекеттік ауқымдағы стратегиялар мен жоспарлар жасай аламыз. Сондықтан біз осындай стратегиялық серіктестікті ұсынамыз және үкіметтік емес ұйымдар туралы жеке заң қабылдау қажет деп санаймыз. Сонымен қатар, үкіметтік емес сектордың ұстанымдары мен пікірлерін елей бермейтін мемлекеттік органдарға талаптарды қатаңдату маңызды деп санаймыз. Сырттай бәрі жақсы, олар бізді тыңдағандай түр танытады, бірақ содан кейін ешқандай әрекет болмайды. Тіпті бірлескен жоспарды қабылдасақ та, ештеңе шешілмей келеді. Сондықтан үкіметтік емес ұйымдардың мәртебесі, оларды әкімшілендіру, тіркеу мәселелері жеңілдетілуі тиіс», - деп есептейді Гүлнар Құрбанбаева.

Бұл заң үкіметтік емес ұйым құрудың қарапайым процедураларын реттеуді, салық жеңілдіктерін беруді, мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдармен өзара әрекеттесу үшін айрықша құқықтық мәртебе беріп, үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік гранттар мен сыйлықақылар арқылы қаржыландыруды қамтамасыз етуі керек.

Гүлнар Құрбанбаеваның айтуынша, ұсынымдардың екінші бөлігі салалық бағытта, қоғам проблемаларының нақты шешімдерімен байланысты.

«Дәлірек айтқанда, бұл есірткі тұтыну, жастар арасындағы жыныстық қатынас, инклюзия сияқты денсаулық сақтау саласындағы мәселелер. Кей тұста тұрғын үй, емдеуді қаржыландыру мәселелері де қалады. Осындай ерекше ұсыныстар да бар, өйткені бұл қоғамның өзін қалай сезінетініне және оның мемлекетке деген көзқарасына көп әсер етеді», - деді Азаматтық альянстың вице-президенті.

Азаматтық форум шеңберінде халықаралық тренерлердің қатысуымен шеберлік сыныптары, әлеуметтік жобалардың көрме-тұсаукесерлері, диалог алаңдары, қайырымдылық саласындағы атақтар, сондай-ақ «Таңдау» республикалық қоғамдық сыйлығы табыс етіледі және әріптестік келісімдер мен меморандумдарға қол қойылады.

Соңғы жаңалықтар