Қоғам дамуы үшін әр адамның еңбекқорлық, адалдық қағидаттарын ұстануы маңызды – Ноғаев

None
None
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат – Жаңаөзен қаласында танымал этнодизайнер, «Алтын сапа» сыйлығының иегері Ырза Тұрсынзаданың «Аналар аманаты» атты тегін тренинг семинары және «Көрпе FEST-2022» мегафестивалі өтті. Бұл жайында Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шараға 100-ге жуық Жаңаөзен қаласы және оған іргелес ауылдардың, елді мекендердің қыз-келіншектері мен көп балалы аналар қатысты. Фестиваль аясында оқыту семинарлары, тігін және қолданбалы өнер бойынша сабақтар өткізілді. Жобаның мақсаты - әйелдер мен көп балалы аналарды ұлттық бренд арқылы шағын және орта бизнеске тарту, өз кәсібін ашуға көмек көрсету.

Сонымен қатар шараға екі аяғымен іс тігіп, өзінің жеке кәсібін дөңгелетіп отырған Тараз қаласының құрметті азаматы, кәсіпкер Анар Бексұлтанова қатысты. Дүниеге екі қолсыз келген ісмер жаңаөзендік қыз-келіншектерге мативациялық тренинг өткізіп, аяғымен тігін тігуден мастер-класс көрсетті. Ұлттық өнерді ұлықтап, тігіншілікті табыс көзіне айналдырған Анар замандастарын қиындықтан қаймықпай, барын бағалып еңбек етуге шақырды.

«Істей алмаймын, қолымнан келмейді деген сөзді мен жалқаулық деп санаймын. Менің аяғыммен істеп отырған жұмысты аяқ-қолы сау кез-келген қыз келіншек жасай алады. Бастысы ниет керек. Жұмыстан қорықпау керек.Талпыныс бар жерде, жеңіс болады»,- дейді Анар Бексұлтанова.

Қол-өнер фестивалінің қорытынды кешіне қатысқан аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев 20 жас тігінші қызға заманауи тігін машинасын сыйға тартты.

«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді деген сөз бар. Қоғам дамуы үшін әр адамның еңбекқорлық, адалдық қағидаттарын ұстануы маңызды. Бұл бағытта жергілікті тігіншілердің үлесін атап өткім келеді. Сіздер сүйікті істеріңізбен айналыса отырып, ақша тауып, ұлттық қол өнердің дамуына үлес қосып келесіздер. Бұл қуантарлық жағдай. Біз Президенттің тапсырмасына сай тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында жұмыстанып жатырмыз. Тігін саласындағы кәсіпкерлердің жұмысын үйлестіру үшін Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы ауданында тоқыма шеберханаларын ашу жоспарда бар», - деді Нұрлан Ноғаев.

Семинар ұйымдастырушысы Ырза Тұрсынзада тренингтен өткен жаңаөзендік әр бір қыздың өз ісін дамытуға әлеуеті жоғары екенін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар