Қоғам «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сенім артып келеді – Сарапшы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Марат Бәшімов Президенттің жаңа Жолдауы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қоғам «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сенім артып келеді – Сарапшы

«Біріншіден, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағытына сенім арта түсті. Ол бүкіл қоғам мен халық үшін әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құру қажеттігін ашық айтып отыр. Мұнда әділеттің не екені қатардағы адамға да түсінікті. Осы екі тезистің астында көп мағына жатыр. Мемлекеттің тиімді болуы – мемлекеттік басқаруды жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және т.б. қамтиды. Оған сенім арта түсті, көп талқылана бастады, әлеуметтік желілерде де көп талқыланып жатыр», - деді М. Бәшімов «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің баспасөз орталығында өткен сараптамалық талқылауда.

Сондай-ақ, институт директоры құқықтық саланы дамытуға қатысты да пікір білдірді.

«Құқықтық салада да қоғамдық сана өзгеріп келеді. Бұл өте маңызды. Прокуратурада да солай. Нені дамыту керек? Прокуратура қызметіндегі ашықтық, айқындықты дамытқан жөн. Осы бағыттарға сын айтылып жатыр», - деді Марат Бәшімов.

Сонымен бірге, Марат Бәшімов «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына қоғамның сене бастағанын атап өтті.

Айта кетейік, «ҚазАқпарат ХАА» АҚ баспасөз орталығында ҚР Президенті Жолдауының негізгі бағыттары туралы сараптамалық талқылау өтті. Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым, Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Юлия Кучинская қатысты.