Қоғам қайраткері Амантай Біртановтың 3 томдық шығармалар жинағы жарық көрді

АЛМАТЫ. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыдағы Жазушылар үйінде белгілі қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері және денсаулық сақтау ісінің үздігі Амантай Біртановтың 3 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді.Оны Қазақстан Жазушылар одағы мен Алмалы ауданы әкімшілігі бірігіп ұйымдастырды.

Қоғам қайраткері  Амантай Біртановтың 3 томдық шығармалар жинағы жарық көрді

«Бұған дейін де өзінің жинағын шығарған біраз дәрігер ағаларым бар еді. Менің шығармалармының өзгешелігі - соңғы кітаптармының барлығы ауруханада жазылған туындылар болды. Жалпы осы уақытқа дейін 11 кітап жазыппын. Бұл жинаққа бұрын жарық көрген «Өмір туралы ойлар» ғұмырнамалық хикаясы мен «Ұрпағыма хат», «Өмір өрінде» деген шығармаларым еніп отыр», дейді Амантай Біртанов.

«Бүгін ауданымыздағы ерекше және жақсы бір кеш болып отыр. Біз оны өткізу үшін осы қара шаңырақты бекер таңдап алған жоқпыз. Бүкіл әлемге өзіміздің қазақ екенімізді, болашағы зор ел екенімізді жазушылардың кітабы арқылы жеткіземіз. Амантай ағамыз денсаулық сақтау ісіне, әсіресе жүрек аурын емдеуге көп үлес қосты. Оған өзі ғана емес бала-шағасын да осы салаға бағыттады. Бұл қаламмен емес, жүрекпен жазылған шығармалар. Сол себепті ол бізге жылы», дейді Алмалы ауданының әкімі Марат Пірінбеков.