Қоғам қайраткерлері кезектен тыс Президенттік сайлауды бақылау үшін Республикалық қоғамдық комиссия құрды

АНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстанның қоғам қайраткерлері кезектен тыс Президенттік сайлауды бақылау үшін Республикалық қоғамдық комиссия құрды.

Қоғам қайраткерлері кезектен тыс Президенттік сайлауды бақылау үшін Республикалық қоғамдық комиссия құрды

Бүгін комиссия мүшелері Астанада журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді.

Комиссияға қоғам, ғылым мен шығармашылық қауым өкілдері енді. Олардың арасында қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, академик Төрегелді Шарманов, жазушы Смағұл Елубай, жазушы, драматург Дулат Исабеков, Сарапшы-журналистер клубының төрағасы Ғаділбек Шалахметов, «Айт-парк» пікірсайыс клубының төрағасы Нұрлан Ерімбетов, қоғам қайраткері Досмұхамет Нұр-Ахмет, қоғам қайраткері, режиссер Игорь Вовнянко, «Абай-ақпарат» қазақ интернет кеңістігін дамыту қоры» ҚҚ вице-президенті Айдос Сарым, «Думан» мәдени-ойын сауық кешенінің бас директоры Патима Матжанова және тағы басқалар бар. Қоғамдық комиссияның тең төрағалары - Т.Шарманов пен Н.Ерімбетов.

Н.Ерімбетовтың айтуынша, комиссия мүшелері сайлауалды және сайлау барысы іс-шараларына бақылау жасап, қандай да бір бұзушылықтарға жол берілмеуін қадағалайтын болады. Атап айтқанда, сайлауалды үгіт-насихат науқаны барысында әкімшілік ресурстардың пайдалану-пайдаланбауына, оның әділетті өтуіне, оқу уақытында мектеп оқушылары мен студенттердің көпшілік көріністер үшін пайдаланылмауына, сайлау комиссияларына барлық партия өкілдерінің енуі мен сайлаушылар тізімдерінің дұрыстығына назар аударатын болады. Комиссия мүшелерінің барлығы дерлік қандай да бір партияның мүшесі болып табылмайтындықтан және билікке қатысы болмағандықтан, президенттікке үміткер ешбір кандидаттың мүддесін лоббиламайды.

Комиссия, бақылау барлық аймақтарда тең жүргізілу үшін көмекке еріктілерді тартуды көздеп отыр. Алдымен олардың тізімдерін жасақтап, кейін құқық заңнамаларын үйретпек.

Оның сөзіне қарағанда, бұзушылықтар анықталған жағдайда, комиссия мүшелері алдымен, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өздерінің қоғамдық пікірлерін білдірмек. Ол әдіс жағдайды түзеуге қолғабыс етпесе құзырлы органдарға - Орталық сайлау комиссиясына, прокуратура мен құқық қорғау органдарына шағымданады.

Республикалық қоғамдық комиссия ҚР Орталық сайлау комиссиясына өздерін бақылаушы ретінде тіркеу туралы ресми өтінішін бүгін білдіреді. «ОСК өтінішімізді қабылдамай қояды деп ойламаймын. Барлығымызда бақылаушы екендігімізді растайтын куәліктер болады. Ол кез-келген сайлау учаскісінде сайлау барысында және одан кейінгі уақытта болуға құқық береді», - деді Айдос Сарым.

Комиссия штабы Астанада (байланыс телефоны: 8 (7172) 32-67-01) орналасады. Қоғам қайраткерлері келіп-түскен хаттар бойынша өңірлерге шығып тұруды жоспарлап отыр.