Қоғам қазіргі заңдарды кез келген мәселені шешудің кілті деп қабылдайды – Ерлан Қошанов
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада AMANAT партиясының мәслихат депутаттарының форумы басталды. Іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып жатыр.
«Соңғы жылдары елімізде түбегейлі реформалар қолға алынды. Конституциялық өзгерістер нәтижесінде саяси институттардың үйлесімді жұмысы жолға қойылды. Бұл реформалар түйткілді мәселелерді шешуге, байыпты шешімдерді қабылдауға жол ашты. Заң шығарушы органның қызметі мен мазмұны да толықтай өзгерді. Көппартиялы Парламент түрлі пікірлерді тоғыстырған қоғамның үніне айналды», - деді Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов форумның ашылуында.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта күн тәртібіндегі кез келген мәселе Парламент қабырғасында ашық талқыланып жатыр.
«Азаматтарды алаңдатқан ең көкейкесті мәселелер заңнамалық деңгейде шешімін тауып жатыр. Мысалы, халықтың несие қарызы, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық, лудомания, есірткіге тәуелділік, вейптер сияқты кеселдерге заңмен тосқауыл қойылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы, осының бәрі – өзіңіз айтып жүрген заң үстемдігі мен тәртіп қағидасының іс жүзіндегі көрінісі. Бұған қоса, әділдікке сусап отырған халықтың талап-тілегі орындалып жатыр. Оң өзгерістерді қоғам шынайы сезініп отыр. Осы орайда бірқатар маңызды заң қабылданды. Соның нәтижесінде қолды болған активтер, заңсыз шетел асқан қаражат қайтарылуда. «Ұлттық қор – балаларға» жобасының жемісін әр бала, әр отбасы көре бастады», - деді Е.Қошанов.
Сонымен бірге, заңнамалық жұмыстардың жаңа бағдары қазақ парламентаризмінің дамуындағы бір белеске айналды. Заң шығару ісінде пікір алуандығы мен идеялардың шынайы бәсекесіне басымдық беріліп отыр.
«Бір сөзбен айтқанда, қоғам қазіргі заңдарды кез келген мәселені шешудің кілті ретінде қабылдайды. Мұның бәрі – Мемлекет басшысы ұсынған «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының нақты нәтижесі. Осы алгоритм аймақтық деңгейде тиімді жұмыс істейтін болса, қордаланған мәселелердің көбін жергілікті жердің өзінде-ақ шешуге қол жеткіземіз», - деді партия төрағасы.
Айта кетейік, форумға қатысушылар қатарында Парламент Сенаты мен Мәжіліс төрағалары, Премьер-Министр, Мемлекеттік кеңесші, Президент Әкімшілігінің басшылығы, Үкімет мүшелері, Парламент және мәслихат депутаттары бар.