Қоғам назарын аударған Астанадағы ЖКО бойынша сот ашық болады

«Қазіргі кезде сот тергеу амалдары жүріп жатыр және осы шаралар аяқталғанша ақпаратты жариялауға болмайды. Соңғы шешім қабылданғаннан кейін, сот отырысы ашық болады. Себебі оны жабық режімде өткізудің ешқандай негізі жоқ», - деді Астана қаласы прокурорының көмекшісі Темір Тұрсынбеков «ҚазАқпарат» тілшісіне.
Бұдан бөлек, редакция жолдаған сауалға байланысты қалалық прокуратура тарапы аталған қылмыстық істің материалдарына бейне бақылау камераларының жазбалары тіркелгенін хабарлады. Бұл мәліметтермен қылмыстық процеске қатысушылар өтінішхат беру арқылы таныса алады.
«Атап айтқанда, ішкі істер органдары барық қажетті шараларды атқарды, сондай-ақ бұл іс Астана прокуратурасының бақылауында тұр», - деп түйіндеді сөзін Тұрсынбеков.
Еске сала кетейік, 12 қарашада «Infiniti» автомашинасының жүргізушісі «Керуен» ОСО аумағында көлік тұрағында тұрған «Toyota Camry» көлігімен соқтығысып, кейін тротуарға шығып, екі жаяу жүргіншіні басып кетеді. Содан кейін басқа «Toyota» көлігімен соқтығысып, екпінін тоқтатпаған күйі ағашқа ұрынған.